Экономикалық сипаттағы қылмыстық істерді тіркеудің тәртібі өзгермек

АСТАНА. ҚазАқпарат – Экономикалық сипаттағы қылмыстық істерді Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркеудің тәртібі өзгермек. Бұл жайында Мәжіліс депутаты Абзал Құспан БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ұсынылып отырған заң жобасында қылмыстық іс қозғау тәртібіне өзгеріс енгізу көзделген. Қазір Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімі деген бар. 2014 жылға дейін тергеуші қылмыстық іс қозғау немесе қылмыстық іс қозғаудан бас тарту туралы шешім қабылдаса, тергеуге дейінгі тексеріс институтында тіркейтін. 2014 жылдан бері ол институт жоқ. Қазір оның бәрі Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркеледі. Заң жобасында мынандай жол ұсынылып отыр: экономикалық қылмыстар бойынша іс қозғалатын болса, бірыңғай тізілімге тіркеу үшін тиісті тексеру актісі болуы шарт. Яғни, қылмыстық іс қозғалғанға дейін ол мәліметті қаржыгерлер мен экономистер, есепшілер растау керек. Жеке кәсіпкер болса, есепші растау қажет. Егер ірі кәсіпорын болса аудиторлық есеп растаған болуы керек. Осындай құжаттар талап етіледі», - деді Абзал Құспан.

Оның айтуынша, қолданыстағы норманың олқылығын пайдаланып кез келген кәсіпкерді тендерден тыс қалдыруға болады.

«Өзіңіз ойлап қараңыз, екі кәсіпкер бір тендерге қатысып жатса, біреу оның үстінен арыз ұйымдастырса, тергеуші қолданыстағы заңның аясында оның бүкіл есепшоттарын жауып тастай алады. Ол тергеу барысында өзінің кінәсіз екендігін, қылмыстық іске қатысы да жоқ екенін дәлелдеп болғанға дейін тендер өтіп кетуі мүмкін. Қазіргі қолданыстағы Қылмыстық-процессуалдық кодекс осындай мүмкіндік береді. Ал бұл жағдайда кәсіпкерлердің қарапайым құқығы бұзылады», - деп түсіндірді депутат.