Экономикалық тергеу қызметінің қызметкері ар мен адалдықтың символы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жер жүзі тағы бір сұлу көктемді қарсы алуда! Ал оның ең алғашқы мерекесі 8 наурыз - халықаралық әйелдер күні болғанының өзі де жарасымды. Осы бір ерекше күнде қыз-келіншектерге арналып олардың жүректерінің жылылығы мен жандарының жомарттығы, мейірімділігі үшін, айналаны көрікті ете түсуге деген құштарлығы үшін айтылатын алғысқа толы әсерлі сөздер ерекше мәнге ие болмақ.

Осы айтулы мерекеде құқық қорғау органдарында қызмет ететін нәзік жанды, қайсар рухты арулар үшін кез келген азаматтың кеудесін қуаныш кернейді. Кешегі Әлия мен Мәншүктің сіңілілері  өжет қыздарымыз отбасының ұйытқысы бола отырып, ерлермен қатар егеменді елімізді гүлдендіру бағытында аянбай еңбек етуде.

Солардың қатарында ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Экономикалық тергеу қызметінің сарапшы-офицері Жанар Шаяхметова да бар.
 

Жанар Мырзағалиқызы Шығыс Қазақстан облысында, киелі де әрі қасиетті Абай елінде дүниеге келген. Еліміздің экономикалық қауіпсіздігін қорғау бағытында 18 жылдан астам қызмет етіп келе жатқан Жанар тек білікті маман ғана емес, көп балалы ана да. Еңбек жолын Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігіне қарасты Заң институтынан бастап, ұзақ жылдар республиканың Кедендік бақылау комитетінің орталық аппаратында қызмет етіп келеді. Тыңнан жол таба білетін біліктілігінің арқасында подполковник шеніне дейін өсіп, еселі еңбек етуде. Бүгінгі күнде отбасылы, жұбайы Қайрат екеуі қызы Назира мен үш ұлды тәрбиелеп өсіріп отыр.

Ол барлық саналы өмір жолын Отан мен халық мүддесіне арнап, өзіне жүктелген міндеттерді адал атқарғандығының, білімділігі мен біліктілігінің, терең рухани байлығы мен парасаттылығының арқасында жұмысында айтулы көрсеткіштерге қол жеткізіп, абырой мен беделге ие болды. 2014 жылдан бастап құқық қорғау органдарын жаңғыртудың кезекті сатысында жаңадан құрылған Экономикалық тергеу қызметіне ауысып, осы қызметтің қалыптасуына үлкен үлесін қосуда.
 

Жылдар бойғы еңбектің арқасында жұмысына ысылып алған Жанар Мырзағалиқызы өз қызметін адал да мінсіз атқарады десек, артық айтқандық емес. Жұмыс күні шектеусіз. Уақытпен санаспай, ерте келіп, кеш кету керек. Аса жауапты да маңызды қызмет. Осының бәріне қарамастан Жанар таңдаған жолынан ешқашан тайынған емес. Экономикалық тергеу қызметінің халықтың алдында беделін арттыру, қылмыстық істерді тиянақты тергеу үшін қажетті түрлі сараптамаларды тағайындауды қаржылық қамтамасыз ету, сапалы кадр саясатын жүргізу секілді тиянақтылық пен аса жауапкершілікті қажет ететін салада өз қызметін табысты атқаруда. Еңбегі де еленіп, мемлекеттің экономикасын арттыруға қосқан үлесі үшін «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалімен марапатталды.
 

Жанар Мырзағалиқызы қызметке жаңадан қабылданған жас қызметкерлерге ақыл-кеңесін айтып, тәжірибесімен бөлісетін білікті мамандардың қатарында. Экономикалық тергеу қызметінің алдына қойылған міндеттерді шешудегі толымды ой-пікірлері мен тапқырлығы, әріптестерімен қарым-қатынастағы қарапайымдылығы, жұмыстағы әрбір берілген тапсырмаға ыждахатпен зер салып, жанын беріп еңбек етуі соңынан еріп келе жатқан жас буын қызметкерлерге өнеге боларлық қасиет.

«Бесігіңнен тәрбие болған кезде,

Есігіңнен ешбір жау аттамаған», - дегендей елінің, халқының ертеңін ойлаған ана ретінде ол ұлдары Мейірхан, Дархан, Бақдәулетті егемендi мемлекетiмiздiң намысы мен жігері кеудесін кернеген азаматтары етіп тәрбиелеп, отансүйгіштік, қайсарлық сынды қасиеттерге баулиды. Бұл сөзімізге үлкен ұлы Мейірханның Алматы қаласындағы Әскери академияның 2-ші курсында оқып жатқаны дәлел бола алады. Ал қызы Нәзира Кореяда халықаралық қатынастар саласында білім алуда.

Сөз соңында білікті қызметкер, аяулы ана Жанар Мырзағалиқызы сияқты погон таққан аруларды мерекелерімен құттықтап, еңбектеріне табыс, өздеріне денсаулық, отбасыларына амандық, таңмен таласа атқан әр күндері қуаныш тілейміз.