Экономиканы диверсификациялаудағы ең ұтымды қадамдардың бірі - ұлттық қор құру болды - Қ.Келімбетов

АСТАНА. Қыркүйектің 18-і. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Қазақстанның экономиканы диверсификациялау мен мұнайдың бағасына тәуелділіктен құтылу бағытында жүргізген ең ұтымды шараларының бірі - Елбасының бастамасымен 2001 жылы құрылған ұлттық қор құру  болды.

Бұл туралы бүгін «Өрлеу» экономикалық клубының кезекті III мәжілісінде «Самұрық-Қазына»әл-ауқат қорының және «Өрлеу» экономикалық клубының төрағасы Қайрат Келімбетов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 «Оны біз бірде ұлттық қор, бірде мұнай қоры деп те атап жүрміз. Бүгінде онда 20 миллиардтан астам АҚШ долларын құрайтын қаржы жатыр. Кезінде одан алынған 10 миллиардтан астам доллар дағдарыстың салдарын еңсеруге жұмсалды. Дағдарыс аталмыш қордың бізге қаншалықты маңызды екендігін көрсетті. Ол біздің дағдарыстан құтқарушымыз болды десек артық айтқандық емес. Бүгінгі таңда Қазақстан қаржы дағдарысының салдарына тойтарыс бере алды. Осының бәрі де қордың арқасы», деді Қ.Келімбетов.