Экономиканы кредиттеу 3,5 пайызға ұлғайды - Руслан Дәленов

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Экономиканы кредиттеу жыл басымен салыстырғанда 3,5 пайызға ұлғайды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында 10 айдағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы жайында баяндаған ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Нақты сектор салаларының көбі және жекелеген қызмет түрлері жақсы өсу қарқынын көрсетті. Олар - құрылыс, ақпарат және байланыс, ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі. Сонымен бірге төмендеу көлік, сауда, ғылыми және техникалық қызмет, жылжымайтын мүлікпен операциялар, әкімшілік қызмет көрсету салаларында байқалды», - деді ол.

Оның дерегінше, 10 айдың қорытындылары бойынша базалық факторлар – өндіруші емес секторларға инвестициялар, экономиканы кредиттеу, нақты сектордың өсуі және қызметтер саласының төменденуінің тұрақтануы болып саналады. Осылайша, 10 айда кен өндіру өнеркәсібін есепке алмағанда, инвестициялар 14,7 пайызға өсті.

«Инвестициялардың елеулі көлемі тұрғын үй құрылысына 30 пайыз өсіммен 1,5 трлн теңге, көлікке 8 пайыз өсіммен 959 млрд теңге, өңдеу өнеркәсібіне 11 пайыз өсіммен 661 млрд теңге, оның ішінде азық-түлік өнімдеріне 20 пайыз өсіммен 75 млрд теңге, ауыл шаруашылығына 8 пайыз өсіммен 413 млрд теңге тартылды», - деді министр.

Руслан Дәленовтің атап өтуінше, экономиканы кредиттеу жыл басымен салыстырғанда 3,5 пайызға ұлғайды. Кредиттердің ең көп өсуі байланыста, ауыл шаруашылығында, өнеркәсіпте және құрылыста байқалады. Шағын кәсіпкерлік субъектілерін кредиттеу 5,9 пайызға ұлғайды. Бұл тұтынушылық кредиттердің және жалпы экономиканы кредиттеудің өсуінен жоғары.

«Өңдеу өнеркәсібі салаларында өсу жеделдеді. Фармацевтика 40 пайызға дейін, жеңіл өнеркәсіп

16, машина жасау – 17, автомобиль жасау 54 пайызға дейін жеделдеді», - деді ол.