Экономиканың барлық салалары бойынша орта деңгейдегі мамандарға деген сұраныс артып келеді - Г.Әбдіқалықова

АСТАНА. 7 ақпан. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасының өткен жылғы қорытындылары экономиканың барлық салалары бойынша орта деңгейдегі мамандарға деген сұраныс артып отырғандығын көрсетті.

 Бұл туралы бүгін он-лайн режімінде өткен Үкіметтің селекторлық мәжілісінде «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасының өткен жылғы қорытындылары жөнінде баяндама жасаған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықова мәлім етті.

 Оның деректеріне қарағанда, өткен жылы «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасы бойынша оқыту техникалық кәсіби білім беру  жұмыстары негізінен техника және технология, сервер, экономика және басқару, ауыл шаруашылығы саласының маманы сияқты мамандықтар бойынша жүргізілді. «Осылайша бағдарлама аясында 22 мыңға жуық адам еңбек нарығында үлкен сұранысқа ие мамандықтар бойынша қайта дайындықтан өтті. Сонымен қатар 3 мың 900 адам біліктілігін жетілдіру курстарынан өтті. Ал жоспар бойынша бұл курстан 7 мыңнан астам адам өтуі қажет болатын. Сондықтан бізге бұл бағыттағы жұмыстарды алдағы уақытта жетілдіре түскен абзал»,-деді министр.

 Оның айтуынша, Қызылорда облысында біліктілігін арттыруға барлығы 331 адам немесе жоспардағы көрсеткіштің 14 пайызы, Астанадан 327 адам ғана немесе белгіленген жоспардың 14 пайызы ғана жіберілген. «Жалпы алағнда 2011 жылы оқуды аяқтаған 31 мың адамның ішінен біздің бағдарлама бойынша 16 мың адам, яғни жартысы ғана тұрақты жұмыс орындарына орналасты. Жағдайдың бұлайша сипат алуына біздің жұмысымыздағы кемшіліктер де аз әсер еткен жоқ әрине. Бұл ретте 2009-2010 жылдар аралағында «Жол картасы» бойынша оқуға жіберілген 26 мың адамды оқыту шарасы да жағдайдың біршама күрделенуіне ықпал еткендігін айта кету керек. Алайда «Жол картасы» бойынша білім алған азаматтардың барлығы өздерінің еріктері бойынша таңдау жасаған еді»,-деді министр.