Бұл шараны Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитеті ұйымдастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Кіріспе сөз сөйлеген Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Ерлан Нығматулин энергияны дұрыс пайдалану экологияны жақсартуда, өнім сапасын арттыруда жақсы нәтиже беретінін айта келіп, бүгін «Энергия үнемдеу туралы» заң жобасының концепциясымен танысу мақсаты көзделіп отырғанын жеткізді.
«Бұл жобаның еліміз үшін, мемлекет үшін маңызы зор. Себебі, бұл - «Қазақстан - 2030», Елбасының жыл сайынғы жолдауы сияқты аса маңызды стратегиялық құжаттарда белгіленген мақсаттарды іске асыруға мүмкіндік береді.
Ал экономиканың барлық саласында энергияны тиімді пайдалану үшін ең алдымен заңнамалық база қажет. Осындай жобаны Үкімет жасап, бізге ұсынып отыр»,- деді Ерлан Нығматулин.
Осы заң жобасы бойынша өзі жетекшілік ететін комитетте жұмыс тобы құрылғанын хабарлады. Жұмыс тобының жетекшісі болып депутат, аталған комитеттің мүшесі Ерболат Әпсалямов бекітілді.
Отырыста ҚР Энергетика және минералдық ресурстар министрі Сауат Мыңбаев баяндама жасады. Министрдің айтуынша, заң жобасы өнімнің энергия сыйымдылығын азайту, отын-энергетика кешенінің экономикалық тиімділігі мен жұмыс істеу сенімділігін арттыру мақсатында энергия үнемдеу саласындағы нормаларды жетілдіруге бағытталған.
Бұл заң жобасы «Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясын одан әрі іске асыру жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2007 жылғы сәуірдің 6-сындағы Жарлығына сәйкес әзірленген.
Сол секілді бүгін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне энергия үнемдеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы таныстырылды.
Бұл заң жобасы «Энергия үнемдеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы жобасының нормаларын іске асыру мақсатында әзірленген.
Заң жобасына қатысты депутаттар Тито Сыздықов, Владимир Нехорошев, Ольга Киколенко, Виктор Киянский, Егор Каппель баяндамашыға сұрақтар қойып, өз ұсыныстарын алға тартты.
Заң жобалары таныстырылымының соңында Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы Ерлан Нығматулин жұмыс тобының отырысы аптасына екі рет, дүйсенбі және бейсенбі күндері өтетінін, депутаттардың ұсыныстарын қабылдауға дайын екендігін мәлім етті.