Экономиканың даму қарқынын сақтау үшін жұмыстарды жалғастыру қажет - Мамин

АСТАНА. ҚазАқпарат - Экономика даму қарқынын 4 пайыздан кем емес деңгейде сақтау үшін жұмыстарды жалғастыру қажет. Бұл туралы Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ағымдағы жылдың 8 айының қорытындысы бойынша экономика дамуының қарқыны өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда төмендеді. Негізінен бұл фактор тамыз айындағы жүргізілген жұмыстың нәтижесі бойынша құрылып отыр. Бұл ағымдағы жылдың тамыз айының индикаторы өткен жылдың тамыз айымен салыстырғанда 6 облыста төмендеді», - деді ол.

Бірінші вице-премьер Павлодар облысында 90,8, Жамбыл облысында 92,1, Алматы облысында 92,5 пайыз, Батыс Қазақстан облысында 92,1, Қызылорда облысында 88, 6, Солтүстік Қазақстан облысында 91 пайыз төмен көрсеткіш тіркелгенін айтты.

«Тамыз айы бойынша өнеркәсіп өндірісінің индексі 4 пайыздан жоғары деңгейге тек 5 аймақ жетіп отыр. Олар: Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Шығыс Қазақстан облыстары мен Шымкент қаласы. Соынмен қатар 8 айдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп өндірісі индексі 4 пайыздан жоғары деңгейді тек алты аймақ көрсетті. Олар: Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Жамбыл,  Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстары.  Елбасы қойған міндет экономиканың даму қарқынын 4 пайыздан кем емес деңгейде сақтау бойынша жұмыстарды жылдың соңына дейін жалғастыру қажет. Бұл басымдықты мәселе, бақылауда ұстаймыз», - деді Асқар Мамин.