12:58, 21 Сәуір 2009
Экономиканың дамуына сыртқы факторлар кері әсер етіп отырған дағдарыс жағдайында ішкі резервтерді жұмылдыруға баса назар аудару қажет - Б. Сұлтанов
АСТАНА. Сәуірдің 21-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Экономиканың дамуына сыртқы факторлар кері әсер етіп отырған дағдарыс жағдайында ішкі резервтерді жұмылдыруға баса назар аудару қажет.
Ал бұл бірінші кезекте инвестициялық және тұтынушылық сұранысты дағдарысқа қарсы қабылданған шараларды іске асыру арқылы ынталандыру болып табылады. Бүгін Үкімет отырысында Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Бақыт Сұлтанов осылай мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Б. Сұлтанов 2009 жылдың қорытындысы бойынша экономиканың тежелуіне жол бермеу үшін екінші тоқсанда атқарылуы тиіс бірқатар міндеттерге де тоқталып өтті. Оның айтуынша, ең алдымен бірлескен іс-қимыл жоспарын іске асыруға тартылған мемлекеттік органдар, холдингтер, екінші деңгейдегі банктер бөлінген қаражаттың көзделген кестеге сәйкес түпкілікті тұтынушыларға дейін жедел жетуіне күш жігерін салуы керек. «Қаражат банктерге жеткізілді, әкімшілік кедергілерді жою жөніндегі барлық қажетті әрекеттер жасалды», - деді министр. Б. Сұлтановтың айтуынша, екіншіден, «Жол картасының» жобаларын табысты іске асыру үшін орталық және жергілікті атқарушы органдар өз жұмыстарын үйлестіруі қажет және «Жол картасының» бағыттарын қаржыландырудың нақты жоспарларын пысықтап, бөлінген қаражаттың жедел игерілуін қамтамасыз етуі тиіс. «Жергілікті бюджеттерді нақтылау кезінде Өңірлік жұмыспен қамту стратегиясының бағыттарын іске асыруды бірлесіп қаржыландыруға Жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия бекіткен көлемде қаражат қарастыру қажет және жобаларда іске асыруға оларды уақтылы бөлуді одан әрі қамтамасыз ету керек», - деді министр. Министр үшіншіден, экономиканың ұзақ мерзімді тиімділігін арттыруға бағытталған жүйелі реформаларды одан әрі жүргізу қажеттігін айтты. «Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Қазақстанның 30 корпоративтік көшбасшысы» бағдарламасын қоса алғанда 2015 жылға дейінгі Индустриялық-инновациялық даму стратегиясын іске асыруды жандандыру, елдегі бизнес ахуалды жақсартуға бағытталған заңнаманы өзгерту, нәтижеге бағдарланған бюджеттік жоспарлау жүйесін өңірлік деңгейге тарата отырып, оны енгізу жөніндегі жұмыстарды жалғастыру қажет», - деді Б. Сұлтанов.