Экономист О. Құдайбергенов Алматыда қаза тапқан полиция қызметкерлерінің отбасыларына қаражат жинауды ұсынды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Танымал экономист Олжас Құдайбергенов Алматыда содырлардың қолынан қаза тапқан полиция қызметкерлерінің туған-туыстарына қаражат жинауды ұсынды.

«Бұл адамдар өз міндеттерін орындау барысында қаза тапты және олардың артынан балалары қалды. Мен мемлекеттің оларға қандай көмегін беретінін білмеймін, басқа да бастамалар көтерілгенін не көтерілмегенінен де хабарсызбын, бірақ көз жұмғандардың отбасыларына қаражат жинау бастамасын жария етемін. Бірі біржолғы көмек бере алса, екіншісі белгілі бір уақыт бойы жәрдемін беруі ықтимал. Әрине, мен тек ұйымдастырушылық мәселелермен айналысатын боламын. Қолдау көрсетемін дегендерге маған жекеге жазса болады. Ертең көмектің барлық жай-жапсарлары туралы жаңа хабарландыру жасаймыз. Отбасыларға көмектесейік!», - деп атап өтті ол өзінің Facebook-тағы парақшасында.

Айта кетейік, Алматыда содырлардың Алматы қаласы Алмалы ауданды ІІБ және ҰҚКД бөлімшесіне жасалған шабуылынан үш полицей көз жұмды. 

Полиция капитаны Нұрмаханбетов Бауыржан Мәлікұлы, ІІД ІІБ жанындағы ЖПП өзіндік қауіпсіздік қызметінің аға  инспекторы, 28.03.1988 ж.туған. 22.12.2011 жылдан ІІБ-де қызмет етеді. Үйленген, бір қызы бар.

Полицияның кіші сержанты Сәлімбаев Мақсат Қолғанатұлы, ІІД ЖПҚ жанындағы ЖПП полкінің полицейі, 02.11.1991 ж. туған. 15.11.2013 жылдан ІІБ-де қызмет етеді. Үйленген, бір қыз тәрбиелеген.

Полиция старшинасы Ғалиев Аян Ерболғанұлы, Алматы қ. МКҚБ ММ полиция 2-ші батальонының полицейі, 18.04.1974 ж. туған. 30.01.1997 жылдан ІІБ-де қызмет етеді. Үйленген, 2 қыз тәрбиелеген.