Е.Қошанов лудоманияға қарсы заң туралы: Қоғамның тағы бір дертіне тосқауыл қойылды

Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов әлеуметтік желідегі парақшасында Президент бүгін қол қойған лудоманияға қарсы заң туралы пікір білдірді.

«Бүгін Президент көптен күтіп жүрген заңның бірі – лудоманияға қарсы түзетулерге қол қойды. Бұл құбылыстан төніп тұрған қауіптің ауқымы туралы Қасым-Жомарт Кемелұлы талай рет айтты. 2023 жылдың күзінде осы мәселе бойынша Қауіпсіздік кеңесінің арнайы отырысы да өткен болатын. Сол кезде азаматтар арасындағы құмар ойынға тәуелділікпен күреске бағытталған заңнаманы, ұйымдастырушылық және ақпараттық-идеологиялық шаралар кешенін қабылдау туралы тапсырма берілді. Биылғы наурызда өткен Ұлттық құрылтай отырысында Мемлекет басшысы лудоманияны бүгінгі Қазақстанның бес әлеуметтік проблемасының бірі деп атады. Ең қорқыныштысы, ойынға деген тәуелділік жастардың арасында қатты тарап жатыр. Отбасылардың ажырасуына, түрлі қылмыстардың бастапқы себебіне айналып отыр», - деп жазады Мәжіліс спикері. 

Сондай-ақ, ол лудомания тек қазақстандықтар үшін емес, әлем халқы үшін өзекті мәселеге айналғанын еске салады.

«Бұл жаңа заң арқылы мемлекет аталған әлеуметтік кеселге тосқауыл қойып отыр. Біріншіден, букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың жарнамасы шектеледі. Ғимараттардың сыртындағы, масс-медиадағы, кино мен видеодағы, анықтамалық қызметтердегі, SMS таратулар арқылы жасалатын құмар ойын жарнамасына тыйым салынды. Екіншіден, заң Бірыңғай тізілімдегі борыштыларға, 21-ге келмеген азаматтарға, өз-өзін құмар ойын мен бәс тігуден шектейтінін мәлім еткен адамдарға құмар ойынға қатысуға тыйым салады. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметшілер мен әскери қызметшілерге, арнайы мемлекеттік орган өкілдеріне де құмар ойынға қатысуға тыйым салынды. Бұл талап бұзылса, жұмыстан қуылады», - дейді Ерлан Қошанов.

Заң ойын мекемелері мен, букмекер кеңселеріне, тотализаторларға бірыңғай типтік ереже енгізуді көздейді. Мәжіліс төрағасының пайымдауынша, бұл аталған мекемелердің жұмысын түсінікті әрі ашық етеді.

«Тағы бір маңызды қадам – Қазақстан аумағында онлайн казиноларға тыйым салынды. Бұл талапты бұзған адам екі жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Туризм және спорт министрлігіне бүкіл лицензиясы жоқ шетелдік букмекерлік кеңселер мен тотализаторлардың тізімін жүргізетін өкілет берілді. Ал банктер мен төлем ұйымдарына онлайн казинолардың пайдасына қаржылық операциялар жүргізуге тыйым салынды. Түрлі лотерея өнімдерінің ашық қолжетімділігі де шектеледі. Енді ол арнайы интернет-ресурс арқылы ғана сатылады. Көшелерде тек классикалық лотерея билеттерін сататын дүңгіршектер ғана қалады», - дейді Е.Қошанов.

Палата басшысы лудоманияға қарсы заң бүкіл қоғамның сұранысынан туындағанын айтады.

«Бұл заңның жан-жақты пысықталуы, оған барша қоғамның атсалысуы бүгін Мемлекет басшысы қол қойған құжаттың қоғамымызды айтарлықтай сауықтыратынына сенім береді. Депутаттар бұл мәселені әлі де бақылауда ұстайды», - деп жазды Мәжіліс төрағасы.