ОРАЛ. ҚазАқпарат – Коронавирусқа қарсы екпенің әсері алғашқы үш күнде байқалуы мүмкін. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас эпидемиологы Алмагүл Мантакова мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оның айтуынша, екпе алғаннан кейін кейбір адамның өзін әлсіз сезініп, қызуы көтерілуі ықтимал.
Сондай-ақ еккен жер ауырып, ісінуі мүмкін. Дегенмен мұның бәрі – қалыпты жағдай.
А.Мантакованың сөзіне қарағанда, облыста коронавирусқа қарсы күні бүгінге дейін 500-дей адам егіліп үлгерді.
Ақпан айы бойы медицина қызметкерлерін егу жалғасады. Ал наурызда облысқа 8 мың доза вакцина жеткізіледі деп жоспарлануда. Ол кезде халықтың басқа топтарын да егу басталады.
Орал қалалық №3 емхананың невролог дәрігері Дариға Үмбетиярова да екпеден қорқудың қажеті жоқтығын, адамның өзінің денсаулығы үшін салынып жатқандығын жеткізді.
«Мен де екпе алдым, ешқандай реакция болған жоқ. Әрине, бастапқы үш күнде сақтану керек. Яғни суға түсуге, адам көп баратын жерлерге баруға болмайды. Жалпы, кім-кім де карантин талабын сақтап, оған қоса індетке қарсы егілсе, біз одан тез құтыламыз деп ойлаймын», деді дәрігер.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда кинотеатрлардың жұмыс жасауына рұқсат берілгенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).