Экс-әкім Исекешев халық есінде қандай істерімен қалды
Еске сала кетсек, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Әсет Өрентайұлы Исекешев 2016 жылы 21 маусымда Астана қаласының әкімі қызметіне тағайындалған болатын.
Сонымен халық есінде қалған, қоғам талқылауына жиі түскен Әсет Исекешевтің тікелей қатысуымен шешілген мәселелерді тізбектесек:
Ең алдымен, Әсет Исекешев қаланы басқарып тұрған кезеңде елордада үш айға созылған «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі өткенін атап өту қажет. Төрткүл дүние назары Астанаға ауған шақта елорда елді ұятқа қалдырмады. Ірі халықаралық шараны абыроймен өткізуде Әсет Исекешевтің де еңбегі зор.
Исекешевтің игі істерінің бірі - қаладағы жөнсіз орналасқан сауда нүктелерін реттеу мен қалалық вокзал маңындағы бейберекетсіздік. Өйткені, ескі вокзал маңындағы автотұрақтың болмауы қолайсыздық тудыратын, сондай-ақ халық арасында сол маңай жеңіл жүрістілердің мекені деген қауесет жиі айтылған. Осы сұрақ қала әкімінің қатаң бақылауына алынып, патрульдік полиция кезекшілігі қойылды.
Әсет Исекешевтің басшылығымен жүзеге асырылған қоғамдық маңызы бар жаңашылдықтың бірі - «Сергек» камерасын орнату. Аталған шара өз нәтижесін де беріп жатыр, яғни «Сергек»-тің сергектігінің арқасында орта есеппен қылмысты - 30 пайызға, ал жол-көлік оқиғаларын 18 пайызға төмендету мүмкін болды. Бүгінде «Сергек» камералары 2 мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылықты ашуға мүмкіндік берді және оның көмегімен 14 млн теңге айыппұл салынған.
Бас қаланың тыныштығын сақтау жолында Исекешев «iKomek» мониторинг және жедел әрекет ету қалалық орталығын іске қосты. «iKomek» мониторинг және жедел әрекет ету қалалық орталығы жедел мәселелерді шешуде маңызды рөл атқарады. Бүгінде ТКШ саласындағы барлық сұрақтар біріктірілді (электр және сумен жабдықтау, ПИК, лифт компаниялары, қоғамдық көлік және т. б.). Енді 112 шұғыл ден қою орталығы құрылуда, келешекте олар АҚШ пен Канададағы «911» сияқты жұмыс жасауы тиіс. Қосылу 101, 102, 103 нөмірлерінен басталады. Бұл осы нөмірлер тиісті қызметтердің жедел әрекет етуін қамтамасыз етеді.
Бұл Әсет Исекешев Астана қаласының әкімі лауазымында болған екі жылда атқарылған жұмыстардың бір парасы ғана. Естеріңізге сала кетсек, кеше ол Елбасының Жарлығымен ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы болып тағайындалды. Ал елорда басшысы қызметіне бүгін Бақыт Сұлтанов кіріскен болатын.