Экс-министр Ж.Досқалиевтің ауыр және аса ауыр қылмыстар жасағанына байланысты, оның қамауға алынуы заңды деп танылды - Астана қаласының соты

АСТАНА. Қазанның 22-сі. ҚазАқпарат - Астана қаласы Сарыарқа ауданы №2 аудандық сотының 2010 жылғы қазанның 12-сіндегі қаулысымен айыпталушы экс-денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиевті қамауға алуға санкция берілген болатын.

Бірінші сатыдағы соттың шешіміне келіспеген Ж.Досқалиев пен оның қорғаушылары Астана қалалық сотына шағымданып, қамауға алу шарасы мерзімінен бұрын қабылданғаны, оның ауруының диагнозын анықтау үшін негіздердің жеткілікті болмағаны және Ж.Досқалиевтың жеке тұлғалық жағдайы ескерілмегені туралы уәждер айтқан болатын.

Істің материалдарын және барлық мән-жайды зерделеп шыққан Астана қалалық сотының қазанның 21-індегі аппеляциялық сот алқасы аудандық соттың қаулысын өзгертусіз қалдырып, адвокаттардың арыздарын қанағаттандырған жоқ. Бұл шешімге Ж.Досқалиевтің ауыр және аса ауыр қылмыстар жасады деп айыпталуы негіз болып отыр. Атап айтқанда, айыптау туралы қаулыға сәйкес экс-министр ҚР Қылмыстық кодексінің 308-ші бабы 4-ші тармағы «в» тармақшасында қарастырылған ауыр қылмысты және ҚР қылмыстық кодексінің 311-ші бабы 5-ші тармағында қарастырылған аса ауыр қылмысты жасағаны үшін айыпталып отыр. Мұндай қылмыстар үшін 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру, дүние-мүлкін тәркілеу жазасы қарастырылуына байланысты бұл жағдайда оның қамауға алынуы заңды, делінген Астана қалалық сотының баспасөз қызметі жасаған мәлімдемеде.

Соттың Ж.Досқалиевтің жеке тұлғалық жағдайын, бұған дейінгі сіңірген еңбегін, мемлекеттік жоғары қызмет атқарғанын назарға алмағаны туралы адвокаттардың уәждері негізсіз, себебі жоғарыда аталған қылмыстар ауыр және аса ауыр қылмыстармен қоса, сыбайлас жемқорлық қылмыстың қатарына да жатады, ал бұл жайт оның әрекеттерінің қоғам мен мемлекет үшін аса қауіптілігін білдіреді.

Оған қоса, соттың экс-министрдің денсаулық жағдайын ескермегені және оның тергеу амалдарына қатыса алмайтындығы туралы уәждері де шындыққа сай келмейді деп танылды, себебі Ресей мен Қазақстанның жоғары білікті мамандарының қорытындысына сәйкес және «ҚР Ұлттық ғылыми медициналық орталығы» акционерлік қоғамының дәрігерлер консилиумының қазанның 12-сіндегі түйіндемесі негізінде Ж.Досқалиевтің жағдайы орташа ауыр деп бағаланған, ол қимылдай алады, сауалдарға дұрыс жауап беріп, нұсқауларды орындай алады. Сондықтан да, пациент тергеу абақтысында емхана жағдайында ем қабылдап, оңала алады, деген қорытынды шығарылды.