Экс-судья Айгүл Сайлыбаеваның ісі: марқұмның енесіне халықаралық іздеу жарияланды
АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Германияда қаза болған экс-судья Айгүл Сайлыбаеваның өліміне қатысты соңғы деректерді айтты, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.
Айбек Смадияровтың айтуынша, Германияның құқық қорғау органдары кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғаған.
— Германия Федеративтік Республикасының құқық қорғау органдары кісі өлтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады. Тергеу жүргізіліп жатыр. Германия Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, Дармштадт қаласының сот шешімімен марқұмның енесі — Наталья Донцова күдікті ретінде танылды. Германия полициясы оны қамауға алу туралы ордер берді. Қазіргі уақытта оның қайда екені белгісіз, сондықтан ол халықаралық іздеу жарияланды, — деді ол БАҚ өкілдеріне арналған брифингте.
Ресми өкілдің айтуынша, Германиядағы Қазақстан елшілігінің көмегімен қылмыстық істің материалдары марқұмның туыстары мен адвокатына табысталған.
— Тергеу мүддесінде сай және таратуға болмайтын мәліметтердің тарап кетуіне жол бермеу мақсатында неміс тарапы бұл іске қатысты егжей-тегжейлі мәліметтерді жария етпей отыр, — деп толықтырды Айбек Смадияров.
Еске салайық, өткен жылдың маусым айында Германияда экс-судья Айгүл Сайлыбаеваның зорлық-зомбылық белгісі бар мәйіті табылған болатын.
40 жастағы Айгүл Сайлыбаева Шеффилдте (Англия) білім алып, кейін Астанада судья болып жұмыс істеген. Соңғы жылдары ол күйеуі, қызы және енесімен бірге Германияның Бенсхайм қаласында тұрған.
Оның денесі қала шетінен табылды. БАҚ деректеріне сәйкес, марқұмның қолында, мойнында және бетінде пышақ жарақаттары болған.
Сонымен қатар, Айгүл Сайлыбаевамен бірге оның 49 жастағы енесі Наталья Донцова да жоғалып кеткені белгілі болды. Ол 4 маусым күні немересін балабақшадан алып, үйіне әкелген. Сол уақыттан бері Наталья Донцовадан еш хабар жоқ.