Экс-судья Светлана Жолманова қатысты іс: прокурор айыптау актісін оқыды
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда Медеу аудандық сотының бұрынғы судьясы Светлана Жолманованың ісі бойынша сот отырысы өтіп жатыр.
Айта кетейік, Светлана Жолманова сот отырысына қатысудан бас тартқандықтан, алдын ала тыңдалым оның қатысуынсыз өтіп жатыр.
Іс №2 Медеу аудандық сотында судья Қанат Әріновтың төрағалығымен қаралып жатыр.
Экс- судья Светлана Жолмановаға ҚР қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігінің 2-тармағы (аса ірі мөлшердегі алаяқтық) бойынша айып тағылды.
Сот отырысында прокурор Раушан Абдулла айыптау актісін оқыды.
Прокурор мәліметінше, айыпталушы 2021 жылдан бастап жылжымайтын мүлік сатып алуға және тендерлік жобаларға қатысуға жәрдемдесу сылтауымен, алдау және сенімге қиянат жасау арқылы азаматтардың миллиондаған теңгесін қолды қылған.
— Ол жәбірленушілерінің бәріне Жанар есімді құрбысын жиі атаған. Ол сол кезде Алматы қаласының әкімі болған Бауыржан Байбектің әйелі,— делінген прокурордың айыптау актісінде.
Тергеп-тексеру барысында қылмыстық әрекеттің 48 эпизоды анықталып, олар бір іске біріктірілді. Бүгін прокурор 48 эпизодтың тек 16-ын қана оқып үлгерді.
Келесі сот отырысы 21,22,23 және 24 сәуірге белгіленді.
Осыған дейін сотталушы Светлана Жолмановаға қатысты сот отырысы бес рет кейінге шегерілген болатын.
Бұған дейін ҚР Бас прокуратурасы Жолманованың ісі сотқа жолданғаны туралы хабарлаған болатын.
Еске салайық, былтыр экс-судьясы Светлана Жолманова ұсталғаны туралы жазғанбыз.
Алғаш рет алматылық судья 2021 жылы алаяқтық жасады деген күдікке ілінген.