Экшн-фильмдердің II Халықаралық кинофестивалі Астана күніне арналған мерекелік іс-шаралардың бастауы болмақ

АСТАНА. 25 мамыр. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Экшн-фильмдердің II Халықаралық кинофестивалі Астана күніне арналған мерекелік іс-шаралардың бастауы болмақ.

Бүгін елордада экшн-фильмдердің II Халықаралық «ASTANA» кинофестиваліне арналған баспасөз мәслихатында Астана қаласы әкімдігі Мәдениет басқармасының бастығы Болат Мажағұлов осылай айтты.

Оның хабарлауынша, биыл шілденің 1-5-і күндері экшн-фильмдердің II Халықаралық «ASTANA» кинофестивалінің барлық мерекелік іс-шаралары Астанадағы Бейбітшілік пен келісім сарайында өтеді. «Ал, ең бастысы, бұл фестиваль Тәуелсіздіктің 20 жылдығы аясында өтетіндіктен, оны ерекше салатанатпен ұйымдастыру жоспарланып отыр. Жалпы, шілденің 1-і күні басталатын кинофестиваль Астана күніне арналған барлық мерекелік іс-шаралардың бастауы болмақ», - деп атап көрсетті Б.Мажағұлов.

Кинофестивальдің бас директоры Ирен Ванидовская атап көрсеткендей, шілденің 1-і күні болатын кинофестивальдің ашылу салтанаты Бейбітшілік пен келісім сарайында өтпек. Осыдан бастап бұл жерде күнде әлемдік кинотуындылардың гала-премьералары ұйымдастырылады. Ал фестивальге қатысушы барлық экшн-фильмдердің көрсетілімі «Хан шатырда» болады. Сондай-ақ кинофестиваль барысында сценарийлер конкурсының жеңімпаздары анықталмақ. Фестивальдің қонақтары - Гоша Куценко, Евгений Стычкин, Ольга Сутулова және тағы басқа ресейлік киножұлдыздар. «Голивудтан келетін актерлер де бар. Біз олардың аттарын кейінгі уақытта жариялайтын боламыз. Негізі, былтыр кинофестиваль аясында 26-дан астам сан алуан іс-шаралар ұйымдастырылды. 120 шетелдік қонақ пен 10 мыңнан астам адам осы іс-шараларға қатысты. Биылғы кинофестивальдің деңгейі мен ауқымы одан төмен болмайды деп сенеміз», - дейді И.Ванидовская.