Аталған компанияның еншілес кәсіпорындарының бірі Cims-Shac (Xian) Spesial Vehicles Co. Ltd. компаниясын Сианьнің «Дэ Жэнь» көлік бірлестігі сотқа берді. Оның жүк көліктерін шығарушыларға қатысты басты наразылығы - жасанды, төмен сұрыпты өнімі, соның ішінде көліктік құралдардың мәлімделген техникалық сипаттамаларға, сондай-ақ сапа және қауіпсіздік стандарттарына (жиі бұзылып қалу, құрылымдық жетіспеушілігі, сапасыз жиналуы мен дәнекерленуі) сәйкес келмеуі болған.
Шэньси провинциясындағы өнімдер сапасына бақылау жасау басқармасы бұл фактіні ресми мойындап, тиісті қаулы шығарды, компанияның өзі болса, мемлекетке (сотқа шағымданусыз) айыппұл төлеген. Shaanxi Automobile Group автотрейлерлерінің техникалық ақаулары адам өмірін қиған бірқатар жол-көлік апаттарына әкеліп соқтырды. Сот процесі жұртшылық арасында кеңінен талқыланды - ол бойынша жаңалық материалдарын беделді «Цайцзин» қаржы-экономикалық журналы, Гонконгтың «Феликс» телеарнасы және Сиань басылымдары дайындаған. «Сондықтан, біз Shaanxi Automobile Group өнімдерін шетелдік сатып алушыларға, соның ішінде қазақстандықтарға да бұл кәсіпорынмен келісімшарт орнатар алдында өнімдердің шығарушы зауыттың лицензиясы бар бөлімдерінде шығарылуына көз жеткізулеріне кеңес береміз», - деді ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында «Дэ Жэнь» компаниясының басшысы әрі ортақ иесі, біздің отандасымыз София Ұшырова. Естеріңізге сала кетейік, Shaanxi Automobile Group Қытайдағы ең ірі компанияларының рейтингінде 38-ші орында тұр. Холдингтің өкілдіктері әлемнің көптеген елдерінде, соның ішінде Қазақстанда (Алматы) да бар.