«Эксперт» клубы «Қолжетімді баспана-2020» мәселесін талқылайды

АСТАНА. 7 маусым. ҚазАқпарат - 2013 жылы 11 маусымда Астанадағы Ұлттық академиялық кітапхананың ғимаратында «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы бойынша халыққа арналған тұрғын үйді сату тетіктері» атты тақырыпта «Эксперт» клубының кезекті отырысы болады.

Еске салайық, «Қолжетімді баспана-2020» мемлекеттік бағдарламасы 9 бағыт бойынша жұмыс істейді. Бағдарламада қазақстандықтардың әртүрлі санаттарына бағдарланған нақты, пәрменді тетіктері көзделген. Бұл тетіктер негізінен - жергілікті атқарушы органдарда кезекте тұрған азаматтарға арналған тұрғын үй, ҚР «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» желісі бойынша, «Қазақстандық ипотекалық компания» АҚ тұрғын үйі, «Самұрық-Қазына» жылжымайтын мүлік қорының тұрғын үйі құрылысы және басқа да жолдарын қамтитын болады.

Осы түйткілді мәселелер төңірегіндегі «Бағдарламаның аталған операторлары тұрғын үй сатудың қандай тетіктерін ұсынады?», «Бағдарлама қатысушылары үшін интернет арқылы тұрғын үй сату тетігі қолайлы ма?» «Кезекті жалғастырудың ашықтығы қалай қамтамасыз етіледі?» деген сауалдарды клуб жетекшісі Нұрлан Ерімбетов шақырылған сарапшыларға талқылау үшін ұсынады.

«Эксперт» клубының отырысына мемлекеттік органдардың өкілдері, ҚР Парламентінің депутаттары, қоғамдық ұйымдардың, кәсіподақтар мен БАҚ өкілдері, сондай-ақ сарапшылар мен журналистер қатысады.