ЭКСПО-2016 көрмесінде бүкіл әлем Қазақстанның емдік өсімдіктерін танып жатыр (ФОТО)
Салтанатты ашылу рәсіміне Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоған, премьер-министр Ахмет Давутоғлу, СІМ басшысы Мевлют Чавушоғлу, сондай-ақ әлемнің 53 елінің өкілдері қатысты.
ЭКСПО Анталия-2016 көрмесіндегі Қазақстан Республикасының павильоны 512 шаршы метр аумақты алып жатыр. Ұлттық павильонымыз алыстан көз тартады, себебі киіз үй пішінінде салынған павильонның бір жағы - көрменің тақырыбын ашып, Қазақстанның алуан түрлі климаты мен өсімдіктері туралы ақпарат берсе, екінші жағы сонау Күлтегін кезеңінің ескерткіштерін, қазақ халқының ұлттық аспаптарын, еліміздің даму символы - барыстың бейнесін, тіпті, келесі жылы Астанада өтетін ЭКСПО-2017 көрмесінің тақырыбын қамтыған.
Қазақ, орыс, түрік, ағылшын және тағы бірнеше тілде павильонымыз туралы толық ақпарат беретін қызметкерлердің бірі - Cәния есімді бойжеткен. Қарап тұрсақ, тіпті павильон қызметкерлеріне арналған киімнің өзі қазақ ұлтының қастерлі салт-дәстүрі мен қазіргі Қазақстанның еркіндігін, әдемілігі мен заманауи қалпын үйлестіре білген.
«Павильонымызда Қазақстанның алуан түрлі климаты туралы, қазақ жеріндегі өсімдіктер мен жануарлар әлемі туралы ақпарат өте көп. Яғни, эндемик өсімдіктерге (жергілікті жерде өсетін өсімдіктер) баса назар бөліп отырмыз. Әсіресе, Қызыл кітапқа енген мальтус өсімдіктерінің түрін бұтақ күйінде де, тірі экспонат күйінде де көп әкелдік»,-дейді ҚР Ботаника және фиторепродукция институтының кіші ғылыми қызметкері Сәния Инербаева
Өсімдіктер әлемінен тыс, «Гүлдер мен балалар» тақырыбын қамту үшін павильонымыздың «керегелеріне» Қастеев атындағы бейнелеу өнері мен сурет мектебінің (Алматы қаласы - агенттік) оқушылары салған әдемі суреттер ілініп тұр.
Ал, бәйтеректің бұтақтарына павильонымызға келген әртүрлі ұлттардың балалары қазақ балаларына деген тілектерін жазып кетіп жатыр.
Сәнияның айтуынша, көрменің бірінші күнінде Қазақстанның павильонына келген туристер сағат 11.00-16.00 аралығында бір минутқа да үзілмеген.
«Көрменің бірінші күнінде сағат он бірден кешкі төртке дейін тынбай жұмыс істедік. Өйткені, туристер өте көп келді. Жалпы, бірінші күнді қорытындылайтын болсақ, туристерді екі санатқа бөлуге болады. Бірінші тобы - Түркияға келіп демалып жатқан, жалпы, көрменің көрнекілігімен танысуға келген туристер. Екінші тобы - ботаника саласының білгір мамандары. Мысалы, Мексика, Канада, Грузия мен Әзербайжаннан келген делегаттар - таза ғылыми ортаның мамандары екен. Бұны олардың сұрақтарына қарап-ақ білуге болады. Жалпы, әлем бойынша келіп жатқан осындай ғалым туристердің бір сұрағы - Қазақстанда өсетін емдік өсімдіктер»,-дейді Сәния.
Сәнияның айтуынша, әртүрлі елдердің ғалымдары мен ғылыми институттардың қызметкерлері Қазақстанның ғылыми институттары туралы ақпарат жинап, байланыс нөмерлерін жазып алған. «Болашақта қазақ жеріндегі емдік қасиеті мол өсімдіктерді зерттейтініне бек сенімдімін...»,-дейді Сәния.
P.S: Қазақстанда өсетін алты мыңнан астам өсімдік түрінің бес жүздей түрі дәрілік өсімдіктерге жатады.