ЭКСПО-2017 арқасында Астана «жасыл» қалаға айналуы шарт - Н. Назарбаев
Бүгін Ақордада 2012 жылдың қорытындылары мен «Қазақстан-2050» стратегиясын жүзеге асыру міндеттері бойынша өткен кеңейтілген отырыста Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлім етті.
Сөз арасында Елбасы Үкімет пен «Самұрық-Қазына» қорына халықарлық көрме нысандарын энергиямен қамтуды толығымен балама қуат көздері есебінен қамтамасыз етуді тапсырды. «Мәселен, бұны Ерейментаудағы жел паркінің күші немесе бізде бар басқа да нысандар есебінен атқаруға болады», - дей келе Мемлекет басшысы «Самұрық-Қазына» қоры мен Астана әкімдігіне шілденің 1-іне дейін елордада ЭКСПО нысандары орналасатын «жасыл аудан» құрылысының жобасын әзірлеуді тапсырды.
«Бұдан бөлек, Астана ребрендинг бағдарламасын әзірлеп, кәсіби маркетингтік науқан кешенін ұйымдастыруы керек. Қоршаған ортаны қорғау министрлігіне екінші тоқсаннан кешіктірмей ЭКСПО көрмесін өткізу тұжырымдамасы жобасын әзірлеп, оны мемлекеттік комиссияның бекітуіне ұсынуды тапсырамын», - деді Елбасы.