ЭКСПО-2017 Астана экономикасына қалай әсер етті

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Ахметжан Есімов көрменің Астана экономикасының барлық саласына оң әсер еткенін мәлімдеді, деп хабарлайды«ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Жақында ғана әкімдіктен және статистикалық органдардан деректер сұраттық. Бір ғана Астанада экономиканың барлық саласында айтарлықтай оң өзгерістер байқалады. Баспаналардың  жалға берілуі 33 пайызға, тауар айналымы - 20%, сауда-ойын-сауық орталықтарына бару көлемі екі есеге өскен. Туризм саласы да едәуір жандана түскен: туристік операторларға жүгіну көрсеткіші 78%-ға артқан. Ашық аспан саясатын жариялап, рейстер санын 1,3 есеге ұлғайттық. Хельсинки, Будапешт, Варшава сынды бірнеше қалаларға жаңа рейстер ашылды. Бір ғана әуе рейстерімен күнделікті 7 мың адам келеді, 16 мың адам - жолаушылар көлігімен жетеді. Бұл өте жақсы көрсеткіш», - деді ұлттық компания басшысы, ЭКСПО-ның екі миллионыншы келушісін құттықтау барысында.

Оның айтуынша, бір ғана маусым айында Астанада қызмет көрсету саласынан түсетін салық түсімі 2,5 есеге көбейген.

«Бұл - күрделі дағдарыс уақытындағы экономиканың жандануы. Бізде шағын және орта бизнес субъектілері көбейді, жалақы көбейді. Бұл әрине, бастапқыда жарияланған деректер, ЭКСПО аяқталған соң әкімдікпен бірлесіп, толық ақпаратты беретін боламыз. Дегенмен, көрменің үштен екі бөлігін өткеріп, көрмені өткізу туралы шешім қабылдаған Президентіміздің көрегенділігіне тағы да көз жеткіздік», - деп атап өтті Ахметжан Есімов.

 

Еске сала кетсек, бүгін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесінің екі миллионыншы келушісі тіркелді. Ол - 34 жастағы БҚО тұрғыны, Орал қаласындағы өндірістік компаниялардың бірін басқарады.

«Бүгін ерекше оқиға орын алды. Біз тұтас көрме кезеңінде «екі миллион адам келіп, ЭКСПО павильондарын 5 миллион рет аралайды» деп болжаған едік. Бірақ, бүгін көрменің аяқталуына 37 күн қалғанда, жоспарлаған межемізге қол жеткіздік. ЭКСПО павильондарына келер болсақ, аралау көрсеткіші 15 миллионнан асып кетті, бұл біз күткен нәтижеден үш есеге көп», - деді А.Есімов.