ЭКСПО-2017 қонақтарына Абай өлеңдерінің жинағы сыйға беріледі

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Абайдың мемлекеттік қорық-мұражайы ЭКСПО-2017 көрмесіне ерекше тарту әзірлеп отыр, деп жазады khabar.kz.

Данышпан ақынның қазақ, орыс, ағылшын және қытай тілдерінде басылған өлеңдер жинағы шетелдік қонақтарға кәдесый ретінде ұсынылмақ. Бұл топтаманың ерекшелігі, саяхатшылар үшін қойынға салуға ыңғайлы етіп шығарылған.

Жинаққа Абайдың кең таралған 62 өлеңі енген. Жергілікті «Семей-көркем» баспаханасында басылып шыққан кітаптың таралымы 2 мың дана. 

Абай мұражайы алдағы жазда Астана қаласында өтетін халықаралық көрмеге арнайы экспозиция да дайындап отырғанын айта кету керек.  Ол үшін қызметкерлер ағылшын тілін меңгеріп алған. 

«Қытай тілінде шыққан жинақтың ерекшелігі, мұнда абайтанушы, аудармашы, Абайдың өмірін зерттеп жүрген Хабайдың аудармалары кіргізілді. Ағылшын және орыс жинақтарында бұған дейін аударылған аудармашылардың өлеңдері кіргізілді. Әр өлеңнің астында сол аудармашыларды көрсетіп отырмыз», - дейді Абай мұражайының бөлім меңгерушісі Шынар Садықова.