«ЭКСПО-2017» көрмесі арқасында ел өміріне сапалы жаңа технология енетін болады - ЭКСПО Комиссары Р.Жошыбаев
Осылайша, 1851 жылдан бастау алатын осынау халықаралық шара тарихында көрме тұңғыш рет дамушы елде, оның ішінде Орталық Азия мемлекетінде өтетін болады. Бұндай айтулы оқиғаға елімізде белсене дайындық басталғаны белгілі. Осыған орай, ҚазАқпарат тілшісімен сұхбат барысында Қазақстандағы ЭКСПО комиссары Рәпіл Жошыбаев халықаралық көрменің еліміз үшін маңызы, сондай-ақ көрмені өткізу бойынша мемлекетімізге жүктелген міндеттемелерді орындаудың жай-жапсары туралы әңгімелеген болатын.
- Рәпіл Сейітханұлы, Сіз Астанада халықаралық мамандандырылған көрмені өткізу құқығына қазақстандық тапсырысты ілгерілету жөніндегі Ұлттық үйлестіруші болдыңыз. Соған орай, елорда жеңісіне қосқан үлесіңіз де зор деп сенеміз. Жалпы, Сіздің ойыңызша еліміздің осы құқықты иеленуіне не көмектесті?
- Ең алдымен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың осы мәселеге қатысты дауыс беру нәтижесі айқындалған сәтте айтқанын еске алайық: «Шиеленіскен бәсекелік күресте Астананың жеңіп шығуы кездейсоқтық емес. Біріншіден, бұл біздің астанамыздың бүкіләлемдік деңгейдегі шараларды лайықты атқара алатын орталық ретінде мойындалуы болып табылады». Сөзсіз, Астананы таңдау барысында мемлекетіміздің экономикалық жетістіктері де үлкен рөл атқарды. Сонымен қатар, Қазақстанның халықаралық көрмеге «Болашақ энергиясы» атты жаһандық өзекті тақырыпты ұсынуының өзі айтарлықтай басымдық әкелгені сөзсіз. Түптеп келгенде Мемлекет басшысының сөзімен айтсақ, «Астананың жеңісі - бүкіл қазақстандықтардың күш-жігерінің жемісі».
Жалпы, Қазақстан ұсынған «Болашақ энергиясы» тақырыбының өзі адамзат үшін энергетикалық ресурстарды тиімді пайдалану проблемасының өзектілігін көрсетеді. Ал оның шешімі көптеген елдер үшін стратегиялық міндет болып табылады. Тақырыптың өзегінде электр энергиясына қолжетімділіктің болмауына қатысты, сондай-ақ кедейлік деңгейін төмендету секілді ғаламдық проблеманы тиімді шешу мәселесі жатыр. Өйткені, әлем үшін дамудың жаңа бағыты - «жасыл» экономика һәм экологиялық қауіпсіз даму жолы аса қажет. Бұл ретте қуат өндіру үшін шикізат көздеріне бай елдің бірі саналатын Қазақстан жаһанның ортақ мүддесі мен ұмтылысынан еш шет қала алмайтындығын көрсетіп отыр. Жалпы жер жүзінде дәстүрлі энергия көздерінің таусылу тәуекелдері жоғары, сондай-ақ ондай энергияны пайдалану салдарының қоршаған ортаға залалы да ауқымды екені белгілі. Дәл осыған байланысты Қазақстанның халықаралық көрме арқылы бірлесе шешімдер қабылдауға әлемдік қауымдастықты жұмылдыру ниеті көрініс таппақ.
- Дегенмен, халықаралық көрме Қазақстан үшін несімен құнды? Бұл осыншама күш-жігер жұмсауға тұрарлық дүние ме?
-«Өзгеге қара, өзіңде барды да көрсет» деген мақал еске түседі. Мұндай мақалдың біз өткізетін халықаралық көрмеге тікелей қатысы бар деп ойлаймын. Біріншіден, көрме ғылым мен техникадағы соңғы жетістіктерді жаһанға паш етеді. Екіншіден, ЭКСПО - бұл ертеңгі күнге көз жүгіртуге біршама мүмкіндік береді. Біздің мамандарымыз тіпті қазақстандық экспонаттардың арасында алыс болашақ үшін аса маңыздылары болатынын да айтады.
Халықаралық көрме бір қарағанда шығынды көрінгенімен, жақсы жоспарланса оңтайлы экономикалық тиімділік те танытады. Мәселен, көрме өткізу құқын иеленген елдегі қаланың экономикасына айтарлықтай инвестиция тартылады, бұл ретте ірі шетелдік инвесторлар жобаны жүзеге асыруға тікелей қатысатын болады. Екіншіден, қаланың инфрақұрылымы дамиды, көрме нысандарын салу мен оларға қызмет көрсету тұрғысынан келсек, ондаған мың жұмыс орындары ашылады. Үшіншіден, шетелдік туристер ағыны тек көрме өткізілетін қалаға ғана емес, сол көрме өткізетін елге тұтастай ынталанады. Соған орай айтпағым, ендігі күні бізді Халықаралық көрме бюросының регламентіне, біздің шарттарымыз бен ұсынымдарымызға сәйкес ауқымды жұмыс күтіп тұр.
- Сіздің Комиссар ретіндегі рөліңіз қандай? Әлгіндей регламенттердің сақталуын қадағалау ма?
- ЭКСПО Комиссары лауазымы халықаралық қатысушылар мен ұйымдастырушы-мемлекет арасындағы өзара байланыс үдерісінде маңызды болып табылады. Комиссар қарсы алушы мемлекетке өкілдік етеді және халықаралық көрмені ұйымдастыру мен өткізу бойынша өзіне алынған міндеттемелердің атқарылуына кепіл болады.
Ал кепілдерге келсек, біз көрмеге қатысушылардың жүріс-тұрысы мен жұмысын қамтамасыз етуге кепілдік береміз, салықтық реттеуге қатысты кепілдіктер де, дамушы елдер мен басқаларға көмек ұсыну кепілдіктері де баршылық. Бұл ретте біздің тарапымыздан визалық қолдау бойынша барлық шаралардың қабылдануы, көрмеге қатысушы-мемлекеттер жұмысшыларының қызметін жүзеге асыру үшін қажетті рұқсатнамалар беру, кедендік мәселелер мен жергілікті салық салу секілді тағы да басқа мәселелерге қатысты артықшылықтарды қамту шаралары қабылдануы шарт.
- Көрмені ұйымдастыру мен өткізу кезеңінде Комиссарды тағайындау қажеттілігі неге негізделеді, бұл лауазымның артықшылығы неде?
- Бұл сауалға жауап беру үшін алдымен көрме өткізудің тұтастай тарихына үңілсек. ЭКСПО тарихы 1851 жылы алғаш көрме өткізу арқылы аты әлемге әйгілі болған Лондоннан бастау алады. Сол кезеңнен бері қарай мұндай көрмені өткізу саны арта түсті, сосын осындай ауқымды шараны сапалы ұйымдастырып, оның барысындағы тазалықты қамту үшін белгілі бір шаралардың қажеттілігі айқын сезіле бастады. 1928 жылы Парижде Халықаралық көрмелер туралы Конвенцияға қол қойылған болатын, соған сәйкес Халықаралық көрме бюросы құрылып, өткізілетін көрменің санын, олардың сипаты мен регламентін айқындайтын қарапайым ережелер дүниеге келді. Ал сол қарапайым ережелердің сақталуы үшін елдердің уәкілетті өкілі қажет еді. Осылайша, Комиссарларды тағайындау үдерісі жалпыға ортақ қабылданған тәжірибеден туындады әрі бұл бұған дейінгі көрмелер барысында қисындылығын, қажеттілігін әлденеше рет танытты. Көрме өткізудегі Комиссар - бұл барлық халықаралық қатысушылар арасында танымал тұлға. Өйткені, басқа құрылымдардан ерекшелігі аталмыш лауазым Халықаралық көрме бюросының Конвенциясында бекітілген.
- Сіз қазір өз міндетіңізді атқаруға кірістіңіз бе? Сонымен қатар, Комиссарға қандай функциялар жүктелетіне нақты тоқталып өтсеңіз?
- Иә, қызметімді атқаруға кірісіп те кеттік. Ал Комиссар ретінде мен Халықаралық көрме бюросының Бас хатшысы Висент Лоссерталеспен кездестім. Ол Астана жеңісін аса жоғары бағалады, өйткені 20 жыл бойы Ұйым басшылығында жүрген ол ЭКСПО өткізу құқына кандидаттарды таңдау барысында дауыстардың мұншалықты айырмашылығын көрмеген екен. Сол үшін Бас хатшы барша қазақстандықтар мен Астананы айқын жеңісімен құттықтағаны есімде. Ал қаңтардағы Қазақстанға сапары барысында ол көрмені өткізуге даярлық үдерісінің уақытылы жүріп жатқанына көзін жеткізді, осының өзі шараның жалпыұлттық мәнге ие екенін аңғартса керек. В.Лоссерталес Халықаралық көрме бюросының көрмеге қатысушы-мемлекеттермен келіссөздер барысында Қазақстанға, ондағы дайындықтың сапасына қатысты қолдау көрсететіне сендірген болатын. Оның сөзіне қарағанда, өткізуші елдің Президенті мен Үкімет мүшелерінің осынау халықаралық көрмеге тікелей қолдау көрсетуі аса маңызды болып саналады.
Бұдан бөлек, «ЭКСПО-2017, Астана» жобасының еліміздің туризм саласын дамытумен тығыз байланысты екені даусыз. Осыған байланысты, мен Ұлыбритания мен Австрия елдеріндегі туризм саласының өкілдерімен мазмұнды кездесу өткіздім. Мұндай кездесулер алдағы уақытта басқа да бірқатар елдермен жалғасады. Бізге мұндай елдердің тәжірибесі тек жоғары дамыған туристік орталықтар ретінде ғана емес, қазақстандық жобаларды жүзеге асырудың ықтимал әріптестері ретінде де маңызды болмақ.
Комиссар ретінде мен қазақстандық тапсырысты ілгерілету жөніндегі ұлттық үйлестіруші кезінде қолға алған жұмыстарымды одан әрі жалғастыратын боламын. Мұндағы мәселе, ең алдымен біздің тапсырысқа қолдау алу үшін атқарылған жұмыстар барысында қол жеткен келісімдердің орындалуын бақылауға қатысты болмақ. Біз Азия-Тынық мұхиты өңірінің бірқатар елдерімен, Африка, Кариб теңізі жағалауы және Оңтүстік Америка елдерімен дипломатиялық қатынастар орнаттық. Көптеген елдермен экономикалық, мәдени-гуманитарлық және білім беру бағытында ынтымақтастықты дамытуға келісім жасастық. Екіншіден, маған дамушы елдерге көмек бағдарламасын үйлестіру шаралары жүктелген. Бұл ретте халықаралық көрмені өткізудің басты қағидаттарының бірі қызығушылық танытқан елдердің ЭКСПО-ға теңдей және әділдік қағидатын сақтай отырып қатысуын қамтамасыз ету болып табылады. Қабылдаушы мемлекет осыған орай дамушы елдерге жағдай жасауы тиіс, өйткені олардың көрмеге қатысуы әртүрлілікті қалыптастырады, көрме мазмұнын кеңейте түседі.
Менің функцияларыма келетін болсақ, оған Халықаралық көрме бюросының Бас ассамблеясында көрмені өткізуге әзірлік барысы туралы тұсаукесер рәсімін қамтамасыз ету жұмысы да кіреді. Мен Бас ассамблеялар аралығында өтіп тұратын жұмыс кездесулеріне ЭКСПО-2017-ге әзірлік аясында ғана емес, жалпы ағымдағы және алдағы халықаралық көрмеге әзірлік мәселелері бойынша қатысатын боламын. Әрине, бұл осыншама ауқымды шараны өткізу үшін үлкен тәжірибе жинақтауға зор мүмкіндік туғызады. Мәселен, дәл қазіргі таңда 2015 жылы Миланда өтетін Бүкілдүниежүзілік көрмеге қазақстандық павильонды ұйымдастыру бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Дегенмен, ең бастысы «ЭКСПО-2017»-ге тарту мақсатында мемлекеттермен жұмысты жалғастыру және халықаралық қатысушылардың жоғары деңгейде қатысу мүмкіндігіне қол жеткізу болып табылады. Әрбір мемлекетпен «ЭКСПО-2017, Астана» жобасына қатысу жөнінде жеке-жеке келісімдер жасалатын болады. Бұдан бөлек, өзінің құзыреті шеңберінде Комиссар көрме тақырыбымен байланысты қазақстандық бастамаларды шоғырландырумен, сондай-ақ оларды халықаралық аренада ілгерілету кешенімен жұмыс істейді.
- Қазақстанның мемлекеттік органдарының «ЭКСПО-2017» секілді ауқымды әрі маңызды шараны өткізуге әзірлігін қалай бағалар едіңіз?
- Мемлекет басшысы атап өткеніндей, Халықаралық көрме бюросына қатысушы-мемлекеттердің басым бөлігінің қолдауы бізге үлкен жауапкершілікті артады. Бұндай деңгейдегі шараны өткізу тиімділігі экономиканың ірі немесе басты салаларына ғана емес, елорда үшін барынша мәнге ие салаларды да дамытуға септігін тигізетіні айқын. Бұларға туризм, шағын және орта бизнес, қонақ үй бизнесі мен қызмет көрсету саласын, жаңа жұмыс орындарын құруды жатқызуға болады деп ойлаймын.
ЭКСПО өткізуге тапсырыс беру үшін бірінші талап бұндай ниетке кандидат-мемлекеттің толық қолдауы болып табылады. Яғни, ЭКСПО жобасы ұлттық жоба болып, ел Үкіметі мен өңірлік және жергілікті билік тарапынан толық қолдауға ие болуы керек. Дәл осы мақсатта Үкіметте Мемлекеттік комиссия мен Ұйымдастыру комитеті құрылды. «ЭКСПО-2017» ұйымдастыру мен өткізудің 2013-2018 жылдарға арналған Ұлттық жоспары әзірленіп, бекітілді. Елдің ішінде және халықаралық алаңдарда «ЭКСПО-2017» аясындағы шараларды көрсетудің, жариялаудың медиа-жоспары бар. Сонымен қатар, ең бастысы көрмені өткізуге отандық бизнес белсенді араласады.
Көрмені өткізу тұжырымдамасы туралы айтқанда, Мемлекет басшысы бірқатар маңызды міндеттер жүктеген болатын. «ЭКСПО-2017» көрмесі үшінші индустриялық революцияға өту орталығына айналуы қажет. Онда балама экономика, тиісті жоғары технологиялық материалдар, жаңартылатын энергетика, кадр даярлау және басқа да мәселелер қамтылуы шарт», - деген еді Елбасы. Осыған байланысты көрме учаскесінде «жасыл экономика» нысадарын, «ақылды» электр желілерін салу, жаңартылатын электр көзімен жарақтанған ғимараттар, сондай-ақ көрме тақырыбына сай келетін элементтер қамтылуы көзделеді. Мұндай бірегей жоғары технологиялық жобаның құрылысы еліміздің технологиялық дамуына үлкен серпіліс жасауы үшін үлкен мүмкіндік болып табылады.
Мәселе, көрме өткеннен соң елорданың бір бұрышында инновациялық идеяларды жүзеге асыру үшін қажетті заманауи ғимараттары мен инфрақұрылымы бар жаңа квартал пайда болатындығында емес. Маңыздысы - бүкіл республика өміріне сапалы жаңа технология мен инновация дендеп енетін болады. Бұл - Қазақстанның болашақ энергетикаға үлкен үлес қосып отырғанын айғақтайды және Астана әлемдік көрмені өткізуге кездейсоқ таңдалмағанын дәлелдей түседі.
- Әңгімеңізге рақмет! Жұмысыңызға жеміс тілейміз!