ЭКСПО-2017 көрмесі қарсаңында туристер үшін «пойыз-қонақ үй» қызметі іске қосылмақ
Ұлттық компания өкілінің айтуына қарағанда, қазіргі таңда ЭКСПО көрмесі аясында шетелдік туристер үшін елордадан басқа өңірлерге қарай туристік бағыттар жасау жұмыстары жүргізілуде. Яғни, шетелдік меймандар ЭКСПО аясында Астанамен шектелмей, кең байтақ Қазақстанның түкпір-түкпірінде болып, кереметтерді көзбен көру мүмкіндігіне де ие болуы керек.
«Біз шетелдік туристерді Астанадан басқа өңірлерге бағыттау жұмыстарымен айналысудамыз. Мәселен, бізде Ұлы Жібек жолының қазақстандық бөлігіне трансшекаралық пойыз дәстүрлі түрде жүріп өтеді. Ол Алматыдан басталатын. Енді біз бизнеспен бірлесе, келісе отырып бұл бағытты Астанадан Алматыға қарай, одан соң Тараз, Шымкент, Түркістан секілді қалалар арқылы жалғастыруды ұсынамыз. Бұл ретте «пойыз-қонақ үй» шығару мәселесі де қарастырылуда», - дейді Р.Асанбаева.
Айта кетерлігі, ұлттық компания ЭКСПО-2017 көрмесін аясында шетелдік келушілер үшін түрлі туристік саяхаттар жасауға мүмкіндіктер қарастыруда. Бұл жолбағдарға енген барлық нысандарға «Recommende by EXPO» белгісі, яғни «ЭКСПО-мен ұсынылады» деген белгі қойылмақ. Ағымдағы жылдың соңына дейін барлық турпакеттер нақтыланады, ал «Recommende by EXPO» тізіміне енген турпакеттерді сату 2016 жылы басталады.