«ЭКСПО-2017» көрмесін өткізу есебінен Астанада мүлдем жаңа орталық пайда болады - Н.Назарбаев

None
АСТАНА. 5 шілде. ҚазАқпарат - «ЭКСПО-2017» көрмесін өткізу есебінен Астанада мүлдем жаңа орталық пайда болады. Бұл туралы бүгін Астананың 15 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты.

«Қазірдің өзінде ғаламшардың 150-ден астам елінің қатысуымен өтетін осынау жаһандық оқиғаға дайындық толық қарқынмен жүргізілуде. 4 жылдан кейін жаңа ауқымды көрме кешені бой көтереді. Тек қана балама энергия есебінен қамтамасыз етілетін толық қалалық орам салу шешілді», - деді Н.Назарбаев.

Мемлекет басшысының атап өтуінше, қалада жеңіл рельсті көлік желісі салынып, Орталық Азия өңіріндегі ең биік ғимарат 80 қабатты «Әбу-Даби плаза» кешені бой көтереді.

«3 айдың ішінде Астанада әлемнің әртүрлі елдерінен шамамен 5 млн. турист қабылдауға тиісті боламыз. Бұл біздің еліміз үшін зор жауапкершілік әрі сонымен бірге осының есебінен Астананың мүлдем жаңа орталығы пайда болады және қала бұдан да әдемілене түседі. Мен бұл жаһандық емтиханды біз Астанамен бірлесіп және барша Қазақстан болып үздік тапсырамыз деп сенемін», -деді Елбасы.