Бұл туралы бүгін Астана тұтынушыларының құқықтарын қорғау мәселелері бойынша үйлестіру комиссиясының отырысында аталған департамент басшысының орынбасары Федор Пеев мәлім етті.
«Шын мәнінде «ЭКСПО» көрмесі өткізілетін жерлерде қоғамдық дәретханалар жеткілікті бола ма деген сауал алаңдатады. Өздеріңіз білесіздер, қаламызда осы мәселе бойынша кемшін тұстар бар»,-деді Ф. Пеев.
Оның сөзіне қарағанда, бүгінде қалада 200-ге жуық биодәретхана бар. Алайда, олар қалаға көптеп қонақтар келе бастаған кезде жеткіліксіз болады.
Ф. Пеевтің пайымынша, қазірден бастап әкімдікпен бірлесе қосымша биодәретханаларды сатып алу бойынша жұмыстарды атқару қажет.
Естеріңізге сала кетейік, «ЭКСПО» көрмесі Астанада 2017 жылдың маусымында басталып, 90 күнге жалғасады. Оған әлемнің 100-ге тарта мемлекеті мен 10-ға жуық халықаралық ұйымдар қатысады деп күтілуде.