ЭКСПО басталғалы елордаға Киев, Ыстанбұл мен Парижден ұшып келушілер артты
«ЭКСПО Халықаралық мамандырылған көрмесінің 10 маусымнан 10 тамызға дейінгі аралығында Астана - Киев (өсім 28%), Астана - Ыстанбұл (өсім 23%), Астана - Париж (өсім 21%) халықаралық бағыттары бойынша жолаушылар ағынының өскені байқалады.
2017 жылдың маусым-шілде айларында 2016 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ішкі бағыттар бойынша жолаушылар ағыны 107 мың жолаушыны құрап, 35%-ға өскен.
Биыл маусым-шілде айларында халықаралық бағыттар бойынша қазақстандық тасымалдаушылар тасымалдаған жолаушылардың жалпы саны 381420 адамға жетті және орташа жүктеме 75%-ды құрады (2016 жылдың сәйкес кезеңінде жолаушылар 228674 адам болған және орташа жүктеме 30%-ға артқан)», - делінген Азаматтық авиация комитетінің Фейсбуктегі ресми парақшасында.
«Эйр Астана» әуекомпаниясының ақпараты бойынша, Астана қаласындағы негізгі әуетасымалдаушы «Эйр Астана» болғандықтан биыл маусым-шілде айларынының демалыс және мереке күндерінде ең жоғарғы жүктеме Астана - Алматы (90 % дейін), Астана - Атырау (86%дейін) және Астана - Шымкент (80%дейін) бағыттарында болған.
«Нұрсұлтан Назарбаев» әуежайның дерегіне сүйенсек, халықаралық бағыттар бойынша маусым-шілде айларында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жолаушылар ағыны 49%-ды (2016 ж. - 142940 жолаушы, 2017 ж. - 213801 жолаушы) және ішкі бағыттарда 25%-ды (2016 ж. - 232355 жолаушы, 2017 ж. - 291167 жолаушы) құрады.