ЭКСПО еріктісі: Волонтер болудың артықшылықтары көп

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Елордада өтіп жатқан ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі биылғы жаздың айтулы оқиғасына айналды. Көрме аумағындағы еріктілердің жұмысына келушілерінің барлығы дерлік жоғары баға беруде. ЭКСПО қонақтарына тегін қызмет көрсету үшін Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған ең үздік еріктілер қалай іріктелді? Ерікті болудың қандай артықшылықтары бар? ҚазАқпарат тілшісі Оңтүстік Қазақстан облысынан келген ЭКСПО волонтері Аружан Ақжолмен сұхбаттасып, волонтерлік жұмыстың қыр-сырымен танысып қайтты.



Аружан - Шымкент қаласының тумасы. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде «Мал шаруашылығы өнімдерінің технологиясы» мамандығын меңгеруде. Оның ЭКСПО-ға келуіне, елге деген сүйіспеншілігінің артуына бейтаныс поляк әйелмен кездесу себеп болған екен.

«Өткен жылы академиялық мобильділікпен Польшаға барып, бір семестр оқып келдім. Сондағы кітапханашы әйел Қазақстаннан келгенімді естіп, менің алдымда иілуге шақ қалды. Қайта-қайта рахмет айтты. Оның анасы өткен ғасырда депортацияға ұшырап, Солтүстік Қазақстанға жер аударылған екен. Қазақтардың көмегімен аман қалдым деп, өмір бойы қазақтарға алғыс айтып өткен екен. Бұл кездесу маған қатты әсер етті. Бөтен елде, бөтен жерде бейтаныс поляк әйел мерейімді көтеріп тастады. Кеудемді мақтаныш кернеп, Қазақстан туралы айта бергім келетін. Отаннан жырақта жүргенде патриоттық сезімің арта түседі екен, осы оқиғадан кейін еліме қайтсем пайдам тиеді деген ой маза бермеді. Қазақстанға оралған соң, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі туралы жаңалықтарды естіп, ерікті болуға өтініш бердім», - дейді Аружан ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.

 

Аружанның айтуынша, ЭКСПО-ның еріктілер жасағына қосылу оңайға соқпаған. Бұл қатарға қосылу үшін үміткерлер бірнеше сынақтардан өтіп, арнайы тренингтерге қатысқан.

«ЭКСПО волонтері болу үшін Шымкент қаласындағы облыстық жастар орталығында Қазақстан тарихы, ағылшын тілінен тест тапсырдым, ағылшын тілінде сұхбаттасудан және медициналық, психологиялық сынақтардан өттім. Нәтижесінде Оңтүстік Қазақстан облысынан қабылданған 150 волонтердің арасынан табылдым. Содан кейін қаланың үздік қонақүйлеріне барып, қонақүй бизнесін үйрендік. Аптасына үш рет speaking club ұйымдастырылды. Онлайн-вебинарлар арқылы ЭКСПО туралы, павильондар туралы, еліміздің тарихи және туристік орындары туралы барлық мағлұматтарды оқып, Шымкенттен тас-түйін дайын келдік», - дейді ол.

 

«Волонтердің күні таңғы бес жарымда басталады», - дейді Аружан. - «Таңғы жаттығуларымды жасап, жұмысқа дайындаламын және таңғы алты жарымда арнайы автобус бізді жатақханадан ЭКСПО-ға алып келеді».

 

«Таңғы жетіден сегіз жарымға дейін ЭКСПО-да таңғы ас ішеміз. Таңғы асқа міндеті түрде жарма береді. Университетте тағамтану пәнін оқығандықтан, тағамға қойылатын негізгі талаптарды білемін. Мұндағы тағамдар дәмді және барлық стандарттарға сай таңдалған. Бірінші ауысым сегіз жарымда басталады. Оған дейін Африка плазасы маңына күн сайын барлық волонтерге арналған жиналыс өтеді. Ауысым басталмай тұрып, жиналыста күннің қалай өтетіні, кімнің қандай жұмыс атқаратыны талқыланады. Жиналыстан кейін дереу өз қызметімізге кірісеміз. Әдетте мен Оңтүстік кіреберістегі касса маңында жұмыс істеймін. Менің міндетім - адамдарды кезекке бөлу, тәртіпсіздіктерге жол бермеу және келушілерге көмектесу. Барлық мәселе бойынша қонақтар бізге жүгіне алады»,-дейді Аружан.

 

Оның сөзінше, бірінші ауысым таңғы сегіз жарымнан төртке дейін жалғасады. Бұдан соң еріктілер бірден екіге дейін түскі ас үзілісіне шығып, екіден төртке дейін тағы да өз жұмыстарын атқарады. Бірінші ауысым аяқталған соң, күн сайын түрлі мәдени шаралар, спикинг клабтар және тренингтер өтіп тұрады. Түрлі концерт билеттері тегін таратылады.

«Өзім классикалық концертке, Израиль павильонында өткен джаз концертіне бардым. Америкадан, Еуропадан келген кәсіпкерлердің шеберлік сыныптарына қатыстым»,-дейді ол.

 

Қай кезде де волонтерлердің тегін қызмет атқаратыны белгілі. Бірақ, біздің волонтер бұл «тегін қызметтің» де өз артықшылықтары бар екенін айтады.

«Волонтер болудың артықшылықтары көп», - дейді Аружан.

«Ең алдымен, ЭКСПО секілді әлемдік шараны абыроймен өткізуге үлес қосудың өзі ғанибет. Екіншіден, үлкен тәжірибе жинақтауға болады. ЭКСПО-да жүріп, стресске төзімді болуды, адамдармен тіл табысуды меңгерудемін. Тіл білімімді одан әрі дамытудамын, бес құрлықтың барлығынан дерлік, жақсы достар тауып, шақыртулар алып жатырмын. Үшіншіден, волонтерлік қызмет шет мемлекеттерде өте жақсы дамыған. Әлемнің беделді оқу орындары және ұйымдары үміткердің қоғамдық белсенділігіне баса назар аударады. Сондықтан, болашақта шетелдік университеттерге немесе тағылымдамаға құжат тапсырар болсам, ЭКСПО-да волонтерлік жұмысым үлкен көмегін тигізуі мүмкін», - деген ойын айтты.

 

Сонымен бірге, ол ЭКСПО көрмесі туралы өз пікірімен бөлісіп, болашақ келушілерге павильондар туралы ақыл-кеңес берді.

Оның пікірінше, ЭКСПО-ға қызық көру үшін емес, білім көкжиегін кеңейту мақсатымен келу керек. Мұнда болашақтағы энергия жайлы қызықты павильондар жетерлік. Мәселен, балаларға «Шелл» компаниясының павильоны қызық болар еді. Онда түрлі зертханалық жұмыстар жасап көре алады. Сонымен бірге, балалар EXPO kids park-те асыр салып ойнай алады және Арт-орталықта қолөнермен айналыса алады. Студенттерге халықаралық және тақырыптық павильондарды аралаған дұрыс. Әйел адамдарға Шығыс және Азия елдерінің павильондарына барған жөн, себебі онда жәрмеңкелер жиі өткізіліп тұрады. Жасы ұлғайған ата-әжелер Германия, Ресей және өздеріне жақсы таныс Орталық Азия павильондарын көбірек сұрайды. Шетелдік туристер әрине, Қазақстанның ұлттық павильонынан бастағаны жөн.

 

Айта кетейік, ЭКСПО көрмесін өткізуге түрлі жастағы 4500 волонтер жұмылдырылды. Көрме аумағында ай сайын 1500 ерікті екі ауысымда жұмыс істейді. Одан бөлек, әуежай, вокзал, сауда орталықтары сынды Астана қаласының әлеуметтік маңызды орындарында Астана әкімдігі жасақтаған 1500 ерікті жұмыс істейді.