Байқау 17 жасқа дейінгі музыканттар арасында фортепиано, скрипка және виолончель мамандықтары бойынша өткізіледі. Байқауды ұйымдастырушылар: ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Қазақ Ұлттық өнер университеті және П.И.Чайковский атындағы Халықаралық байқау лауреаттарының қауымдастығы. Байқау П.И.Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясының, Мәскеу әкімшілігінің және Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен өткізіледі.
Жасөспірімдер байқауының ерекшелігі ол әртүрлі елдерде өткізіледі, әрі жас музыканттардың әлемнің барлық елдерінен қатысуына мүмкіндік береді. Халықаралық байқаудың әлемге әйгілі П.И.Чайковскийдің атымен тығыз байланысы (жасөспірімдер байқауының жеңімпаздары «ересектер» байқауына қатысуға ұсынылады), қатысушылар санының көптігі және олардың жоғары орындаушылық деңгейі, күрделі байқау бағдарламалары, мәртебелі халықаралық төрешілер, тыңдарманның және бұқаралық ақпарат құралдарының аса жоғары қызығушық білдіруі конкурстың жас музыканттар үшін нағыз беделді халықаралық байқау деп санауға болатындығын көрсетеді.
Қазылар құрамына Ресей, Қазақстан, АҚШ, Корея, Қытай, Франция, Швейцария елдерінен белгілі музыканттары кіреді. Байқаудың бірінші және екінші кезеңдері Қазақ Ұлттық өнер университетінің сахналарында, үшінші кезең - «Астана Опера» Опера және балет театрының сахнасында, ал ашылу және жабылу салтанаты - «Қазақстан» орталық концерт залында өтеді. Байқаудың финалына қатысушылар симфониялық оркестрлердің сүйемелдеуімен шығарма орындайды.
Х Халықаралық П.Чайковский атындағы жасөспірімдер байқауы 2017 жылдың 10 маусымы мен 10 қыркүйегі аралығында өтетін, басты тақырыбы «Болашақ энергиясы» болып табылатын дүниежүзілік ЭКСПО-2017 көрмесінің мәдени бағдарламасының маңызды іс-шарасы болады деп күтілуде.
1992 жылы негізі қаланған Халықаралық П.И.Чайковский атындағы жасөспірімдер байқауы, бұл - жас пианистер, скрипкашылар және виолончелистер үшін аса ірі кәсіби байқау. Ашылғалы бері бұл байқау Мәскеу, Санкт-Петербург, Новосібір (Ресей), Сендай (Жапония), Сувон (Корей Республикасы), Сямынь (ҚХР), Монтре-Веве (Швейцария), Курасики (Жапония) қалаларында өткен болатын.
Еске сала кетсек, 4 қарашада «Шабыт» фестиваліне қарсаңында «Шабыт» өнер университетінің ректоры Айман Мұсақожаева Қазақстан Чайковский атындағы халықаралық конкурсты өткізуге әбден лайық ел деп мәлім еткен еді.