Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде өткен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сауда қызметін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының таныстырылымы барысында мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Сауда саясаты, оның ішінде сауда қызметін тиімді реттеу - көздеген мақсаттарға қол жеткізу құралы болып табылады. Өйткені әлемнің кез келген елінің экономикалық табысы көп жағдайда сауда секторының дамуымен байланысты болады. Осылайша, жаһандануға тек отандық өндірушілер ғана емес, мемлекеттің өзі де дайын болуға тиіс. Әлемнің кез келген елі сияқты Қазақстанның да өзгермелі ішкі және сыртқы жағдайларға сәйкес келетін және жаһанданудың келеңсіз факторлары мен қатерлерін азайта отырып, одан түсетін пайданы барынша арттыруға мүмкіндік беретін сауда қызметін реттеудің нақты пысықталған өз жүйесі болуға тиіс. Осыған байланысты сауда қызметін реттеуге қатысты заң жобасы әзірленіп отыр», делінген құжаттың түсіндірмесінде.
Сонымен бірге, экспортты дамыту және жылжыту жөніндегі мемлекеттік шараларды іске асыру республикалық бюджеттен қаражат бөлуді талап ететіндігін атап өту керек. Республикалық бюджет комиссиясының 2009 жылғы маусымның 17-сіндегі хаттамасына сәйкес осы іс-шараларды өткізуге алдағы уақытта 300 млн теңге мөлшеріндегі қаржы бөлу мәселесі мақұлданған. Заң жобасымен сауда қызметінің субъектілеріне, тауарларға, жабдықтарға, сауда объектілерін ұстауға қойылатын талаптарды белгілеу мен сауда нүктелерін жүйелендірудің, сондай-ақ олардың қызметтерін регламенттеу мен реттеудің қажеттілігіне байланысты сауда қызметін ұйымдастыру бөлігінде толықтырулар енгізіледі.