Мақала авторлары Ақпараттық материалдар тізбесін экстремистік деп тану және Қазақстан Республикасының аумағына әкелуге және таратуға тыйым салу туралы соттың шешімін қате түсінген, деп хабарлайды басылым.
Анықталғандай, сот экстремистік мазмұнда деп таныған Ақпараттық материалдар тізбесін Әділет министрлігінің сайтына орналастыру кезінде, техникалық қате жіберілген. Іс жүзінде, Астана сотының ағымдағы жылғы шілденің 3-індегі шешімімен, басқа да баспа және аудио-материалдармен бірге, шейх Мишари Рашид пен Фарис Уббад оқыған Құранның «Ахқаф», «Мұхаммад», «Фатиха», «Хужурат», «Каф», «Қалам», «Хаққа», «Мә'ариж», «Нух», «Жин», «Муззәммил», «Муддәссир», «Қиямә» , «Инсан», «Мурсәлет», «Бақара», «А'раф» сүрелеріне қатысты белгісіз біреулердің түсіндірмелерінің авдиожазбалары республика аумағында таратуға тыйым салынған экстремистік мазмұндағы материалдар деп танылған болатын.
Осылайша сот, Құранның сүрелерін емес, сүрелерге берілген түсіндірмелердің аудиожазбаларын экстремистік мазмұнда деп танып, олардың таратылуына тыйым салған. Аталған түсіндірмелердегі экстремизм белгілері соттың психология-филологиялық сараптамасының нәтижесінде анықталған болатын.
«Редакция газеттің кешегі нөміріндегі жарияланымның қоғамда негативті толқу туғызғанына қатты өкінеді. Ол мақала конфессияаралық келісім мен діни толеранттылыққа әсер етпейді және біздің басылымның беделіне нұқсан келтірмейді деген үміттеміз»,- деп хабарлайды газет редакциясы