«Экстрасенс жалдаған букмекерлік кеңсе» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - 'ҚазАқпарат' халықаралық ақпарат агенттігі 13 маусым, жұма күні республикалық бұқаралық ақпарат құралдарында жарық көрген өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

"Кеше Бурабайда Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қазақстан Президентінің жанындағы Шетел инвесторлары кеңесінің жалпы отырысы өтті", деп жазады "Егемен Қазақстан" газеті " Тартымды инвестициялық ахуал - ел экономикасын дамытудың негізі" атты мақалада.

Басылымның атап көрсетуінше, Мемлекет басшысы Қазақстан үшін қазіргі өткізу нарықтарын кеңейтуге және ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік беретін Еуразиялық экономикалық одақ­тың маңыздылығына тоқталды. Біздің елдеріміздің арасында тиімді экономикалық байланыстар орнату өңірде достық және тату көршілік қарым-қатынастарды жолға қоюға ықпал етеді. Кейбір елдерде ахуал тұрақсызданып, инвестициялық климат нашарлап отырған кезде Қазақстанда эконо­микалық одақтың арқасында ше­телдік инвесторлар үшін жаңа мүм­кіндіктер ашылуда, деді Нұр­сұлтан Назарбаев.

"Елбасы Қазақстан экономикасына инвестиция салу Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ нарығында жұмыс істеу үшін оңтайлы алаң болатынын атап өтті. Бірегей инвестициялық шарттар, ең төменгі салықтар және инвес­торлар мен мемлекеттің өзара қарым-қатынастарының тұрақ­тылығы біздің елді Еуразиялық экономикалық одақтың алып нарығына кіретін «үздік» қақпа ретінде көрсетеді, деді Қазақстан Президенті", - делінген мақалада.

"Егемен Қазақстан" газетінің бүгінгі санында футболдан Әлем чемпионатының ашылу салтанаты жайында да үлкен мақала жарияланғанын айта кету керек. Төртжылдықтың басты оқиғасы Астана уақытымен 12 маусымнан 13-не қараған түні басталған болатын.

"Кеше, маусымның 12-нен 13-не қараған түні, Астана уақытымен 00 сағат 15 минутта (біз тіпті «бүгін» деп сөйлесек те болады) Бразилияның Сан-Паулу қаласындағы «Коринтианс» стадионында әлемнің XX чемпионатының салтанатты ашылу рәсімі қанат жайды. Чемпионаттың ашылу рәсімі аяқталған соң, стадион ойынға дайын етілгеннен кейін алаңға Бразилия және Хорватия құрамалары шығып, аламанға ат қосылғанын айғақты етті. Сонымен, көптен күткен футбол тойы да басталып кетті", - деп жазады "ЕҚ".

***

"Курчатовта АЭС салынбақ...Станция құрылысына Ресей тарапы қатысады" деп хабарлайды "Түркістан" басылымы.

"Болашақ АЭС-тың реакторлары ресейлік үлгі бойынша - су негізінде жасалады. Индустрия және жаңа технологиялар вице-министрі Бақытжан Жақсалиевтің мәлімдеуінше, Курчатов - АЭС салынатын жалғыз қала емес, бейбіт атом өндіру Балқаш көлі маңайынан да бой көтермекші. «Өткен аптада Ресей тарапының қатысуымен салынатын АЭС-тің құрылысы туралы бірінші меморандумға қол қойылды. Әзірге бұл жобада жай-жапсары ғана көрсетілген. Бұдан кейін өткізілетін шаралар нақтыланады... Жергілікті өңірді зерттеу жұмыстары 2-3 жылға созылмақ. Жобаны жүзеге асырудың қаржылық моделдері қарастырылуда. Біздің пайымдауымызша, 2018 жылы Қазақстанда АЭС құрылысы басталады. Электр станциясының алғашқы энергиясын 2023-2024 жылдары алмақпыз», - дейді вице-министр.

***

"Экспресс К" газеті Қазақстанда бақсы-балгерлерді жалдаған букмекерлік кеңсе жайында сөз етеді.

"Әлем чемпионаты қарсаңында елордадағы букмекерлік кеңселердің бірі өз келушілеріне ерекше қызмет көрсетпек. Мундиальдің өтетін барлық күндерінде ұтыс тігетін кассалардың жанында экстрасенстер, балгерлер, тіпті бақсылар өз қызметтерін ұсынатын болады", - делінген мақалада.

Толығырақ "Удар в бубен" атты материалдан оқи аласыздар.