Экстремалды фото, қамалған балалар: ТЖД қызметкерлері құтқару операцияларын еске алды

Шығыс Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жыл көлемінде болған ерекше құтқару операцияларын тізіп өтті, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: ШҚО ТЖД баспасөз қызметінен

ШҚО ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, 2023 жылы барлығы 215 адам құтқарылып, түрлі төтенше жағдайларға тап болған 410 азамат эвакуацияланды. Департамент қызметкерлері 65 балаға көмекке келіп, 59 жануарды құтқарып қалды. Жылды қорытындылай келе, ерекше есте қалғандары төмендегілер болды:

Экстремалды фото

Риддер қаласында бір топ жас таулы әрі орманды жерге барып демалған. Ер адамдардың бірі көз тартар әдемі көріністі суретке түсіру үшін биік ағашқа өрмелеп шықты. Алайда аяғы тайып кетіп, құлап түсіп, ауыр жарақат алған. №1 мамандандырлған өрт сөндіру бөлімшесінің қызметкерлері оны таудан жедел жәрдем көлігіне дейін зембілмен тасымалдады. 

«Сақина» операциясы

12 айдың ішінде өңір бойынша 22 адам саусағынан сақинаны шеше алмай құтқарушыларды шақыртқан. Олардың бәріне де көмек көрсетілді.

Қамалып қалғандар

65 бала есігі жабылып қалған үйде қалып қойған. ТЖД қызметкерлері дереу жетіп, балаларды шығарды.
Бұдан бөлек, Өскеменде абайсызда автокөлік есігі жабылып қалып, оның ішінде бір жасар бала қалып қойған. Анасы «112» нөміріне қоңырау шалып, көмек сұрады. Сөйтіп, құтқарушылар есікті ашып берді.

Риддерде ойнап жүрген қаршадай қыз ауладағы ағашқа өрмелеп шығып, түсе алмады. Ол қатты қорқып, жылап отырған кезде №14 өрт сөндіру бөлімінің құтқарушылары 8 метр биіктікке көтеріліп, баланы қолына алып, жерге түсірді.

Жануарларға көмек

Бір жыл ішінде 17 мысық құтқарылған. Өскемен әкімдігі ғимаратының сыртқы қаптамасына қысылып қалған марғау шығарылды. Ол соқыр болып шықты. Құтқарушылар марғауды зооклиникаға тапсырып, онда ол емделіп, көп ұзамай өзіне ие тапты.

Биыл Өскеменде болған өрт кезінде өрт сөндірушілер 35 ара ұясын (әрқайсысында 30 мың ара болған) құтқарды. Сондай-ақ 37 ит төтенше жағдайға тап болған. Барлық оқиғада төрт аяқтыларға дер кезінде көмек көрсетілді.