Экстремистер Неапольде, Римде және Мадридте лаңкестік акті жасаймыз деп қорқытты

АCТАНА. ҚазАқпарат - «Ислам Мағрибіндегі Әл-Каида» лаңкестік ұйымы бейсенбі күні таратқан бейнежазбасында Неапольде, Римде және Мадридте лаңкестік акті ұйымдастыратынын мәлімдеді.

Бұл туралы хабарлайды. РИА Новости

Europa Press агенттігінің мәліметтері бойынша, бейнежазбада лаңкестік актілер көрсетілген, сондай-ақ кадрларда Малидағы топ мүшелері көрінеді - олардың арасында Африканың солтүстігіндегі Мелильяда туған Әбу әл-Нұр әл-Андалуси есімді Испания азаматы да бар.

Испандық қауіпсіздік күштері қазіргі кезде осы бейнежазбаны зерттеумен айналысуда.

Соңғы бірнеше жылда 130-ға тарта Испания азаматы радикалдық исламшыларға қосылу үшін Африка және Азия елдеріне аттанды. 2015 жылы Испанияда лаңкестермен байланыстарына күдікті 100-ден астам адам ұсталды. Соңғы төрт жылда - 175 адам қолға түскен.