Экстремизмді насихаттайтын күштермен күресуге қоғамдық ұйымдарды көбірек тарту керек - Дін істері комитеті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Экстремизді насихаттайтын күштермен күресу үшін қоғамдық ұйымдарды көбірек тарту керек. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин мәлім етті.

«Әлеуметтік желілер мен интернет-ресурстарда діни экстремизмді насихаттайтын түрлі ақпараттар баршылық. Соған қатысты Дін істері комитеті Мәдениеттер мен діндердің халықаралық орталығы интернет саласын тұрақты түрде саралап келеді. Сонымен қатар комитет діни және қоғамдық ұйымдармен бірлесе отырып, дұрыс ақпаратты тарататын арнайы интернет-порталдар мен сайттарды, әлеуметтік желілерде аккаунттарды ашып, осы тәсілдер арқылы дін туралы тура ақпаратты тарату шараларын атқарудамыз», - деп тоқталды Шойкин.

Оның сөзіне қарағанда, ҚМДБ жанында 20-ға жуық сайттар құрылып, белсенді қызмет атқаруда.

«Біздің ойымызша, осы жұмыстарды әрі қарай да белсенді жүргізу қажет. Бұл тұрғыда қоғамдық ұйымдарды көбірек тарту керек деп санаймыз», - деді комитет басшысы.