Институт жат ағымдармен күрес жүргізу мақсатында жергілікті имамдарды оқытатын болады.
«Бүгінде мешітке келетін жамағаттың 85-90 пайызы жастар. Ал жалпы еліміздегі рухани ізденіске түскен жандар ғаламтор арқылы жат ағымдардың уағыз-насихатына иланып жатады. Жат ағым жетегіндегілермен жұмыс жасау үшін осындай топ керек еді. Себебі имамдардың жалпы білімі болса да, дәл теріс діни топтардың алған бағытына қарсы күрес мәселесі бөлек әдісті талап етпек. Сондықтан, біз осы жағдайларды ескере отырып, алдағы 1-2 жылда 200-300-ге дейін мамандарымызды қайта даярлау курсында білімдерін пысықтаймыз деген үміттеміз»,- деді «Экстремизмнің алдын алу саласындағы мамандарды қайта даярлау институтының» ашылу салтанатында ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы.
Бейресми деректер бойынша қазір елімізде 16 мыңға жуық адам жат ағым жетегінде. Е.Малғажыұлының сөзіне қарағанда, енді бұдан былай ел арасындағы экстремистік топтар мен жат ағымдарға қарсы күресуші мамандарды даярлау мәселесі мықтап қолға алына бастайды.
«Біздің университет шәкірт тәрбиелеп қана қоймай, ел ішіндегі діни мәселелер мен түйткілдермен де күресуге дайын. Себебі бұл баршамызға ортақ мүдде. Сондықтан, мен Мысырда екі ел арасындағы келісімдерге сай біршама лауазымды азаматтармен жолыққан едім. ЕАР Уақыфтар министрі Мухаммад Жұма мырзаның сіздерге арнайы сәлемін жолдаймын. Болашақта бұл жаңа институтқа әл-Азһар университетінен осы салаға маманданған арнайы 2 профессор келетінін айтқым келеді», - деді Нұр-Мүбарак университетінің ректоры, профессор Жуда Басюни.
Бұл бастама 2016 жылдың 10 мауысында ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың төрағалығымен ҚР Қауіпсіздік Кеңесі отырысында мемлекеттік органдарға жүктелген бірқатар тапсырмаларға сәйкес жүзеге асып отыр. Елбасы нұсқауына сай ҚР ҰҚК Төрағасының бірінші орынбасары С.Әбіштің төрағалығымен Жұмыс тобы құрылған болатын. Аталған Жұмыс тобы ҚР МСМ мен ҚР БҒМ-не жаңа институтты Нұр-Мүбарак ЕИМ университеті жанынан ашуға тапсырма жүктеген-ді. Себебі бұл университет білікті мамандар мен ғалымдардың орталығына айналғандықтан олар ислам, дін төңірегінде кез-келген сауалға жауап бере алады. Бір ғана Мысырдың әл-Азһар университетінен 14 ғылым докторы қызмет етеді.
Жаңадан ашылған институт директоры болып Нұр-Мүбарак университетінің оқытушысы, PhD доктор Қайрат Құрманбаев тағайындалды. Еліміздің әр аймағынан келген 20 имамға институт мамандары дәрістерін бастап кетті.
«Барлық аймақтардан, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан облысынан, Алматы облысынан имамдар келді. Оқытушыны біз Египеттен шақырттық. Екі сарапшы сол жақтан келеді. Курс әр екі ай сайын болады. Онда имамдар теріс ағымдармен күресудің әдістемесін үйрету үшін оқытылады. Тек қана салафизм емес, Исламда ағымдар өте көп. Одан кейін Иегова куәгерлері, христиандардың ағымдары бар Қазақстанда. Солармен қалай күресу керек, оларға кірген азаматтармен қалай жұмыс жасау керек, ағымдарды кіргізбеу үшін қандай алдын алу шараларын қолдану қажет - осындай жұмыстар жасалады. Екі айлық курсқа 20 имам келеді, олардың сапарын мешіттер өздері қаржыландырады. Облыстардан келіп жатыр. Біз арабша оқыған, араб тілінде сөйлей алатын, түсіне алатын имамдарды ғана жинадық. Бұрындары осы салада қызмет жасап жүрген салафи ағымдарға қарсы қызмет жасап жүрген имамдар бар, әр облыстан осы қызметімен, біліктілігімен көзге түскен қызметшілерді шақырттық. Әр екі айда курс өтеді, биыл үш курс бойынша оқытып шығарамыз деп жатырмыз. Бұған жалпы сұраныс артып жатыр ғой», - дейді ҚМДБ Діни білім және ғылым бөлімінің меңгерушісі Бақтыбай Бейсенбаев.