Эквадор жеті провинцияда төтенше жағдай жариялады

Фото: freepik.com

АСТАНА.KAZINFORM — Эквадор президенті Даниэль Нобоа жұма күні ішкі тәртіпсіздік пен қарулы қақтығыстардың күшеюіне байланысты жеті провинция мен үш муниципалитетте 60 күндік төтенше жағдай жариялады, деп жазады Синхуа.

Д.Нобоа төтенше жағдай енгізудің негізгі себебін қылмыстың артуы мен ұйымдасқан қарулы топтардың көбеюімен байланыстырды. Төтенше шаралардың мақсаты — зорлық-зомбылықты ауыздықтау және қоғамдық тәртіпті қалпына келтіруге бұйрық берілген әскерилер мен полиция қызметкерлеріне қолдау көрсету.

Сондай-ақ бірқатар аймақтарда түнгі коменданттық сағат енгізілді.

2024 жылдың қаңтарынан бастап Эквадорда үкімет «террористер» деп атайтын ұйымдасқан қылмыстық топтарға қарсы «ішкі қарулы қақтығыс» жалғасып жатыр.

Бұған дейін хабарланғандай, Эквадорда телестудияға шабуыл жасау ісі бойынша жетекші прокурор атып өлтірілген болатын.