Эквадорда автобустың жыраға құлауынан 14 адам қаза тапты

АСТАНА. Қазанның 30-ы. ҚазАқпарат - Жұма күні Эквадор астанасы Кито қаласының оңтүстік-батысынан 90 шақырым жерде жыраға құлаған автобус апатынан кем дегенде 14 адам қаза тауып, 19 адам жарақаттанды,

деп хабарлайды Эквадор радиосының ақпаратына сілтеме жасаған РИА Жаңалықтар агенттігі.

«Апат Сан-Франсиско елді мекенінің жанындағы Сигчос-Латакунга тас жолы өтетін Котопакси провинциясында орын алды. 48 жолаушы мінген Saquisili фирмасының қалааралық автобусы айналма жолдың бұрылысында бірнеше рет аударылған соң, 100 метрден астам биіктіктен жыраға құлаған», - деді радиожаңалықтар хабары барысында жол полициясының өкілі.

Құтқарушылар 14 адамның мәйітін тапты, соның ішінде автобус жүргізушісі де бар. 19 адам ауруханаға жеткізілді, олардың басым бөлігі ауыр халде жатыр.

Трасса бойындағы көлік қозғалысы жабылды, тау баурайында құтқару жұмыстары жүріп жатыр. Апаттың нақты себептері анықталуда, алайда, полицияның берген ақпараты бойынша жүргізуші жолдың қауіпті аумағына келгенде жылдамдықты арттырып жіберген.