Clima Social компаниясы жариялаған экзитполдың мәліметінше, президент сайлауының бірінші кезеңінің қорытындысы бойынша Андрес Араус 36,2% дауыс жинап көш бастап тұр. Екінші орында – оңшыл-орталықшыл «КРЕО қозғалысының» кандидаты, бұрынғы банкир Гильермо Лассо (21,7%), үшінші орында – солшыл «Пачакутик көп ұлтты бірлік үшін қозғалыстың» кандидаты Яку Перес (16,7%).
Бірінші кезеңде жеңіске жету үшін үміткер абсолютті көпшілік дауысқа ие болуы керек немесе өзінен кейінгі орындағы қарсыласынан айырмашылық кем дегенде 10% болуы, бар дауыстың 40%-дан астамын жинауы қажет. Егер ешкім ондай нәтижеге қол жеткізе алмаса, 11 сәуірде сайлаудың екінші кезеңі өтеді, оған ең көп дауыс жинаған екі кандидат қатысады.