Эквадорда жерлеу рәсімі кезінде тіріліп кеткен әйел бір аптадан соң қайтыс болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - 76 жастағы Эквадор тұрғыны өзінің жерлеу рәсімі кезінде тіріліп кеткен. Ұлының айтуынша, ол жерлеу рәсімінде табыттың қақпағын қаға бастаған, артынша дереу ауруханаға жеткізілді. Әйел тағы бір апта өмір сүрді, осы аралықта дәрігерлер оның өмірін аман алып қалуға тырысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат ВВС-ге сілтеме жасап.

Алғашында дәрігерлер 9 маусымда Бабахойо қаласында Белла Монтойяның қайтыс болғанын айтты. Ол жерлеу үйіне жіберіліп, табытқа жатқызылды.

Жерлеу рәсімі басталғаннан кейін арада шамамен бес сағат өткенде әйелдің туыстары табыттан шығып жатқан дыбысты естіген.

Табытты ашқанда әйел ауыр тыныс алып жатқан.

«Бәріміз қорқып кеттік», - дейді Барбера.

Әйелдің тірі екені белгілі болған соң туыстары жедел жәрдем шақырды.

Оқиғаға дейін Монтойя инсульт күдігімен ауруханаға жатқызылды.

«Оның жүрегі, тыныс алуы тоқтаған, реанимациялық әрекеттерге жауап бермегендіктен кезекші дәрігер оны қайтыс болды деген қорытынды шығарған», - делінген Эквадор денсаулық сақтау министрлігінің мәлімдемесінде.

Қайта тексеру кезінде оның жағдайы тұрақталды, бірақ ұзаққа созылмады.

Реанимацияда жеті күн жатқаннан кейін жұма күні ишемиялық инсульттан қайтыс болды.

Эквадор билігі оқиғаны егжей-тегжейлі тексеріп, аталған ауруханада өлім туралы куәлік беру процедурасын зерттеуге кірісті.

Өйткені Белла Монтойя ресми түрде өлім туралы хабарланғаннан кейін «тіріліп кеткен» жалғыз әйел емес.

Ақпан айында Нью-Йорк штатындағы жерлеу үйіне жеткізілген 82 жастағы әйелдің әлі де тыныс алып жатқаны белгілі болған еді. Ал оның өлгені содан үш сағат бұрын расталған.