Эквадордағы жер сілкінісі: құтқарушылар үйіндінің астында 13 күн жатқан ер адамды алып шықты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Венесуэла құтқарушылары Эквадорда болған жер сілкінісінен 13 күн өткен соң үйіндінің астынан аман қалған ер адамды алып шықты. Бұл туралы сенбі күні Эквадордағы Венесуэла елшілігінен хабарлады.

"29 сәуірде кешке Симон Боливардың құтқарушылары Харамихо қаласын байқап жүргенде ішінара қираған ғимараттан шыққан дыбыс естіген. Олар ішінен қабырғаның құлауы салдарынан шыға алмай тұрған 72 жастағы Мануэль Васкесті тапты", - делінген елшілік хабарламасында.

Оның ақпаратынша, ер адамға созылмалы бүйрек ауруы, қатты шөлдеу және әлсіреу диагнозы қойылды. Сонымен қатар, ол сол аяғындағы бірнеше бармағынан айырылды, деп хабарлады ТАСС.

16 сәуірде солтүстік-батыстағы Манаби провинциясында Педерналес қаласында 7,8 магнитудалы жер сілкінісі орын алды. Соңғы мәліметтерге қарағанда, апат салдарынан 660 адам қаза тапты, 48 - із-түзсіз жоғалған деп саналса, 17 мыңнан астамы медициналық көмекке жүгінді. Елге келтірілген материалдық залал бірнеше миллиард долларға бағаланып отыр.