Жиынды ашып сөз сөйлеген ҚР Сыртқы істер министрлігі Ерекше тапсырмалар жөніндегі елші Мәдина Жарбосынова әлем елдері бойынша соңғы уақытта миграция мәселесі өте күрделеніп отырғанын, бұл ғаламдық деңгейдегі өзекті мәселе екендігін атап өтті. «Конференцияның кешегі отырысында біз «БАҚ бостандығы» мәселесінде негізінен Қазақстандағы жағдайды талқыласақ, бүгін миграция мәселесінің ғаламдық ауқымдағы жағдайын, оның ішінде ЕҚЫҰ кеңістігіндегі проблемалар талқыға түседі деп үміттенем», - деді М. Жарбосынова.
Жиынға Миграция жөніндегі халықаралық ұйым миссиясының басшысы Анреас Халбах жетекшілік етуде. А. Халбах өз сөзінде осыдан біраз бұрын ЕҚЫҰ аясындағы Варшава конференциясында көтерілген мәселелерге тоқтала келе, бұл шараның Астанада жалғасын тауып отырғанына ризашылығын білдіріп өтті. «Біз бүгін қоғам арасындағы мигранттарға толеранттық мәселесін қызу талқылап, пікір алмасуға жиналдық. Бұндай ауқымды мәселелерден күтілетін нәтиже де жемісті болуына тілектеспін», деді ол.