ЕҚЫҰ Бас хатшысы Қазақстанның төрағалығы кезінде Ұйым кеңістігіндегі көптеген дағдарысты мәселелердің шешілетініне сенімді

А. Қарашаның 12-сі. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының  Бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбо Қазақстан төрағалық жасайтын кезде Ұйым кеңістігіндегі көптеген дағдарысты мәселелердің шешілетініне сенімді.

Ол бұл пікірін бүгін Астанада Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевпен кездесуінен кейінгі брифингте білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 М. Бришамбо Қазақстанға Астананың ЕҚЫҰ-ға төрағалығына дайындығының соңғы кезеңінде сапармен келіп отырғандығын айта келе: «Афиныда ЕҚЫҰ-ға мүше елдер Сыртқы істер министрлерінің қорытынды отырысы өтеді. Қазақстанның 2010 жылы ЕҚЫҰ төрағалығындағы жұмысы көп жағдайда сол отырыста қабылданатын шешімдерге байланысты болады. Бұл кездесуде талқыланатын мәселелердің ішінде қауіпсіздік, дау-жанжалдарға жол бермеу, адам құқығы  бар. Аталмыш кездесудің аясында Қазақстан 2010 жылы Астанада ЕҚЫҰ-ның жоғары деңгейдегі саммитін өткізу туралы мәселені талқылауға құлық танытып отыр.  Сондықтан да 2010 Қазақстан үшін өте қауырт жыл болады. Мұнда консультациялар үшін түрлі өкілдер келеді. Келесі жылы біз көптеген дағдарысты мәселелер бойынша, сондай-ақ ықтимал дағдарысты жағдайлардың алдын алу үшін шешім таба алатындығымызға сенімдімін», деді.