ЕҚЫҰ-БҰҰ: қауіпсіздік игілігі үшін өзара іс-қимыл

АСТАНА. Тамыздың 31-і. ҚазАқпарат - Бүгін ЕҚЫҰ қазіргі төрағасы, ҚР Мемлекеттік хатшысы-сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунмен телефон арқылы сөйлесті, деп хабарлады ҚР СІМ баспасөз қызметі.

Қ.Саудабаев Қазақстанның және Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қарусыздану жөніндегі бастамаларын батыл қолдағаны және тамыздың 29-ын Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні деп жариялау туралы БҰҰ Бас Ассамблеясы қарарын қабылдағаны үшін БҰҰ басшысына алғысын білдірді. Белгілі болғандай, Пан Ги Мун да өткен аптада Астанадағы «Семей: оңалтудан дамуға дейін» конференциясына қатысушыларға жолдауын жіберіп, Қазақстанның ядролық қарусыздануға қосқан үлесіне жоғары баға берген болатын.

Қ.Саудабаев және Пан Ги Мун ағымдағы жылғы қыркүйектің 9-ында Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күніне арналған арнайы отырысын өткізуі халықаралық қоғамдастықты ядролық қарусыз әлем құру қажеттігіне шақырған тағы бір маңызды маңызды оқиға болатынын атап өтті, бұған жолды Қазақстан өз үлгісімен көрсетті.

Бұдан әрі сұхбаттасушылар Қырғызстандағы жағдайды талқылап, бұл елді дамыту үшін тұрақтылық пен жағдайды қамтамасыз етуде әлемдік қоғамдастықтың одан әрі күш-жігері қажеттігін атап өтті, бұл орайда алдағы парламенттік сайлау маңызды фактор болуға тиіс.

Тараптар ЕҚЫҰ мен БҰҰ күш-жігерін одан әрі тығыз үйлестіре отырып, Қырғызстанға арнайы өкілдерін - ҚР Парламенті Мәжілісінің вице-спикері Жәнібек Кәрібжанов пен БҰҰ-ның Орталық Азиядағы превентивті дипломатия орталығының басшысы Мирослав Енчаны жіберу туралы уағдаласты.