ЕҚЫҰ Cаммиті мен Азиада іс-шараларын жаңа ұрпақ байланысымен қамтамасыз ететін оператор анықталды

АЛМАТЫ. 11 қараша. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - «КаР-Тел» ЖШС-нің баспасөз қызметі таратқан мәліметке қарағанда, олар ЕҚЫҰ Саммиті мен VII Қысқы Азия ойындарын өткізу кезінде үшінші және төртінші ұрпақ байланысымен қамтамасыз етеді.

Бұл Алматы аумағында ғимараттардың сыртында lte тестілеу аймағын пайдалануға рұқсат мерзімінің Азиада соңына дейін ұзартылуы, сондай-ақ 5 қарашада 3G желілерін пайдалануға берілген уақытша рұқсат негізінде қолжетімді болды.

«Дүниежүзілік деңгейдегі бұл іс-шаралар Қазақстанның халықаралық аренадағы елеулі рөлінің айғағы болып табылады. Оны үшінші және төртінші ұрпақ байланысымен қамтамасыз етуді компания үшін абыройлы міндет деп білеміз. Біз LTE және 3G стандарттарының сәтті тестілеу нәтижесінде байланыс сапасының жоғары деңгейіне қол жеткіземіз», -дейді «КаР-Тел» ЖШС-ның бас директоры Анатолий Попов.

Оның айтуынша, ЕҚЫҰ Саммиті кезінде 3G желілерімен Астана мен Алматы қалаларының біршама аумағы, оның ішінде спорттық нысандары қамтылады. Сондай-ақ үшінші ұрпақ байланысымен Астанада 25, ал Алматыда 40-қа жуық базалық станса іске қосылады. Қазіргі кезде Алматыда іскерлік орталығын толықтай дерлік қамтитын 10 базалақ станса жұмыс жасайды.