ЕҚЫҰ ДИАҚБ миссиясы ертең Қазақстандағы сайлау науқанына байланысты аралық есебін жария етеді
Бұл туралы бүгін ҚР Сыртқы істер министрі Ержан Қазыхановпен кездескеннен кейін БАҚ өкілдеріне сұхбат берген ЕҚЫҰ ДИАҚБ миссиясының басшысы Миклош Харашти мәлім етті.
Жалпы кездесу барысында Е.Қазыханов әріптесіне еліміздегі сайлау науқанына дайындық барысынан мәліметтер беріп, осы орайда ДИАҚБ-ның қызметіне ризашылығын танытты. Оның атап өтуінше, Қазақстанның сайлау туралы заңнамасына өзгерістер мен толықтырулар енгізуде ұзақ жылға созылған ынтымақтастық сайлау құқығының негізгі ұстанымдарына жауап беретін сайлау жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік берді. Бұған дейін Бюро ұсынған 60-тан астам ұсыныс еліміздің сайлау туралы заңнамасына кірістірілді.
Кездесуден кейін БАҚ өкілдеріне сұхбат берген М.Харашти: «Біз ертең өзіміздің сайтымызда аралық есепті жариялаймыз. Бұл есепте сайлауалды науқан барысы, Орталық сайлау комиссиясының, медиалардың жұмысы, партиялардың тіркелуі немесе тіркелмеуі сынды жайттар қамтылады», - деді.
Айта кетейік, ЕҚЫҰ ДИАҚБ миссиясы өз жұмысын 27 қаңтарда аяқтайды. Қазіргі уақытта елімізде 56 байқаушы жұмыс істеуде . Сайлауға дейін тағы да 220 қысқамерзімді байқаушы келетін болады. Миссияның толық қызметі аясында 1-ші аралық баяндама, 2-ші аралық баяндама, дауыс беру қорытындысы бойынша алдын ала мәлімдеме және қорытынды есеп жарық көреді.