ЕҚЫҰ-ЕО форматындағы консультациялар тұңғыш рет Қазақстанның қатысуымен өтті

АСТАНА. Наурыздың 19-ы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Брюссельде Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымықтастық ұйымы - Еуропалық одақ форматындағы консультациялар тұңғыш рет Қазақстанның қатысуымен өтті.

Бұл туралы бүгін Астанадағы апталық брифингте ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ержан Ашықбаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Наурыздың 17-де Брюссельде еуропалық ірі құрылымдар ? ЕҚЫҰ мен ЕО басқарушы органдарының (үштігінің) биылғы жылғы алғашқы бірлескен мәжілісі өтті. Оған ҚР Сыртқы істер министрі Марат Тәжин қатысты. Мұндай кездесулер Еуропалық одақ төрағалығының әрбір ауысымынан кейін жылына екі мәрте тұрақты өткізіліп тұрады», - деді Е. Ашықбаев. Оның айтуынша, күн тәртібіне сәйкес, тараптар Грузиядағы, Батыс Балқандағы жағдай, еуропалық қауіпсіздіктің келешегі сынды мәселелер жайында пікір алмасқан. Пікірталастар тараптардың барынша көкейкесті өңірлік проблемалар бойынша сындарлы сұхбатты одан әрі ілгерілетуге дайындығын көрсеткен. «Кездесудің қорытындысы тұңғыш рет Қазақстанның қатысуымен өткен ЕҚЫҰ-ЕО форматындағы консультациялардың маңыздылығы мен қажеттілігін көрсетті», - деді Е. Ашықбаев.