«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қарағанды облысының әкімі Серік Ахметовті қабылдады», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті бүгінгі санында. Қабылдауда С.Ахметов Президентті облыстың ағымдағы жылғы 9 айдағы әлеуметтік-экономикалық дамуының қорытындылары туралы хабардар етті. Сондай-ақ кездесу барысында өнеркәсіп өндірісінің өсімі 105,6 пайызды құрағаны, өңірдің экономикасының базалық салаларын дамыту жөніндегі барлық мәселе табысты шешімін тауып жатқаны атап өтілді. Облыс әкімі үдемелі индустриаландыру мемлекеттік бағдарламасы аясындағы жобаларды іске асыру барысы туралы есеп берді. Қазіргі уақытта бірінші жарты жылдықта пайдалануға берілген барлық нысандар табысты жұмыс істеуде. Ағымдағы жылдың аяғына дейін іске асырылатын жобалар ерекше бақылауға алынған.
Қазанның 20-сында елордада Қазақстан халқы Ассамблеясының XVI сессиясы өткені белгілі. Бұл жолғы сессияның бір ерекшелігі - оған Бүкіләлемдік рухани мәдениет форумына келген шетелдік меймандардың қатысуы болды. Елбасының сессия барысында сөйлеген сөзді қатысушылар тарапынан зор қызығушылық тудырған болатын. осыған орай «Егемен Қазақстан» газетінің жұма күнгі нөмірінде ел азаматтарымен қатар шетелдік бірқатар мәртебелі қонақтың пікір-лебіздері жарияланды. Мәселен, АҚШ-тың түсіністік жобасының директоры Роджер Нелсон: «Әлемнің басқа елдерінде, соның ішінде АҚШ-та халық ассамблеясы болмағандықтан, мен осыған дейін оның қызметін дұрыс түсінбейтінмін. Алайда, Қазақстанға келгеннен кейін, оның үстіне бүгінгі Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясына қатысқаннан кейін мұндай ұйымның қаншалықты қажет екенін ұғындым. Президент Нұрсұлтан Назарбаев елі бірлігін нығайтуда, рухани мәдениеттілікпен ұштасатын ұлтаралық үнқатысуды және отансүйгіштік рухты көтеруге барынша жұмыстанып жатқанын жүрегіммен сезіндім», - дейді. Басқа да шетелдік қонақтардың, ел азаматтардың ой-пікірлерін білгіңіз келсе, басылымның бүгінгі нөмірін жіберіп алмаңыз.
***
«Айқын» газетінің жазуынша, Жоғарғы палатаның кешегі жалпы жиынында сенаторлар Әділет министрлігінің басшылығына өкпе-наздарын білдіріпті. Ең қызығы сол, Рашид Түсіпбеков осы министрліктің тізгінін өз қолына алғалы бері, бірде-бір рет Сенатта төбе көрсетпеген екен! Мұны жиын барысында сенатор Светлана Жалмағанбетова айтқан. Министрліктің жауапты хатшысы Марат Бекетаевтің айтуына қарағанда, министр сырқаттанып қалған. «Осылайша министр үшін дайындалған баяндаманы жауапты хатшы шып-шырғасын шығармай, сөзбе-сөз оқып берді. Осыған қанағаттанған Жоғарғы палата Олимпиада символдарын сауда белгісіне айналдыруға және бас пайда табуға пайдалануға тыйым салатын шартты бекітіп, Елбасының қол қоюына ұзатты. Әйткенмен, артынша, алдыға «заңдық құжаттарды тудыру» қызметін жетілдіру мәселелері бойынша ұлттық заңнаманы өзгертетін заңжоба тартылғанда, сенаторларға тағы да Әділет министрлігіндегілерге ренжуге тура келген», деп жазады басылым. Мақаланың толық нұсқасын бүгінгі нөмірдегі «Министр Сенатқа келуді ар санай ма?» деген тақырыппен берілген мақаладан оқи аласыздар.
Осы басылымның дәстүрлі «Ақ сөйле!» айдарының бүгінгі қонағы - тарих ғылымының кандидаты Досалы Салқынбек. Одан алынған сұхбат «ЕҚЫҰ-ға төрағалық - Елбасының ерлікке пара-пар еңбегінің жемісі» деген тақырыппен жарияланған. Қойылған сауалдардың барлығына тұщымды жауап берген Д. Салқынбек: «Жалпы алғанда, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық жұмысы барысында атқарылған шаралар, бастамалар, ұсыныстар ұйым аясынан шығып, жаһандық сипат алып келеді. Қазақстанның қай бастамалары болсын ортақ әлем, ортақ үйіміз тұрғысынан көтеріліп, сенім, дәстүр, ашықтық, төзімділік сынды төрт тұғыр ауқымында жүргізілуде», - дейді.
***
Сенаттың кешегі пленарлық отырысында халық қалаулыларының бірлі-жарымы шу шығарғаны болмаса, айналасы бір сағаттың ішінде бес бірдей заңның қиюы келісіп кетті. Парталарына көңілді келіп жайғасқан сенат депутаттары Арал тағдырынан бастап, халықаралық маңызы бар бірнеше конвенция мен оның хаттамасын ратификациялау туралы заңға белсене кірісті. Мұндай өнімді отырыс сан алуан пікірлер арнасы тоғысып жататын Парламент қабырғасында жиі бола бермейді. Парламент отырысындағы қызық пікірталас туралы «Алаш айнасы» газетіндегі «Өлі Арал секундына 50 балық жалмап жатыр» деген мақаладан біле аласыз.
Қазақ ақпарат айдынына өзіндік қолтаңбасымен келіп қосылған «Хабар» арнасына да, міне, 15 жыл толып отыр. Әрине, бұл бүтіндей бір ұлттың тәрбие құралы болған сала үшін аз уақыт емес. Осы уақыт аралығында жетекшілікке ие болған «Хабар» агенттігі өз миссиясын қалай атқарып шықты?. Неден ұтты, неден ұтылды? «Хабар» арнасының бағдарламалар дирекциясының бас продюссері Серік Абас-Шахпен сұхбат басылымның «Дат!» айдарында «Елімізде тек қана мемлекеттік тілде сөйлейтін салмақты телеарнаның жоқтығының өзі - кемшілік» деген тақырыппен жарияланды. Сондай-ақ осы басылымда «Хабар» телеарнасына тұтас бір бет арналып, онда «Хабар» агенттігі бас продюсерінің орынбасары Арман Сқабылұлы, журналист Дана Нұржігіт және музыкалық редактор Сағатбек Қалиев телеарнаның қаз басқан кезіндегі оқиғаларды еске алады.
***
«Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Иордания Парламенті Сенатының Төрағасы Тахер әл-Масриді қабылдады», деп жазады «Казахстанская правда» газеті. Кездесу барысында екі жақты экономикалық ынтымақтастықты дамыту және парламентаралық байланыстарды нығайту мәселелері талқыланып, Сенат Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевқа Иордания Королі Абдалла II-нің сәлемін жеткізген. Сондай-ақ журналистерге арналған брифингте Тахер әл-Масри Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Қазақстанның даму деңгейіне жоғары баға бере келіп: «Қазақстан Батыс пен Шығыс арасын байланыстыратын көпірге айналуда. Ел тыныштық пен тұрақтылықты сақтау ісіне орасан күш-жігерін жұмсауда. Қазақстан келесі жылы Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалық жасайды және бұл Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен еңбегі. Нұрсұлтан Назарбаевтың көшбасшылығы мен бастамалары тек Қазақстанда ғана емес, әлемдік деңгейде бағалануда», - дейді.