Ол, көп жағдайда, сот процестері кезіндегі тараптардың құқығын қорғайтын заңды өкілдердің кәсіби дайындығына байланысты. Бүгін Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде басталған «Сот саласындағы өкілеттілік институтын жетілдіру: құқық тәртібін қолдану және жүргізу мәселелері» тақырыбындағы Халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда университет ректоры, заңгер Бақытжан Әбдірайым осы мәселені атап өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауында құқық қорғау жүйесін жаңаша қалыптастыру міндетіне тоқталған Б.Әбдірайым еліміздегі өкілділік институтын сапалы дамыту қажеттігін ерекше атап көрсетті. «Қазақстанның бүгінгі Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі аясында дұрыс әрі әділ сот шешімдерін шығару мәселесі өзекті болып тұр. Ол, көп жағдайда, сот процестері кезіндегі тараптардың құқығын қорғайтын заңды өкілдердің кәсіби дайындығына байланысты», - дейді университет ректоры, заңгер Б.Әбдірайым.
Айта кетейік, бүгінгі ресми мәліметтерде сот отырыстары кезінде заңсыз өкілеттілік қызметін ақаратын азаматтар туралы аз айтылады. Ал олардың қызметі, көп жағдайда, соттың бұрыс шешімдерді шығаруына әкеліп, сот процесіне қатысатын тараптардың құқықтарын бұзуда. Онымен қатар, сот тәжірибесінде өзінің құқықтық және заң талаптарына сай келмейтін өкілдер кездеседі. Ондай адамдардың негізгі мақсаты - табыс көру. Бұл заң бұзушылықтар жеке азаматтардың құқықтарына әсер етіп қана қоймай, жалпы, еліміздің әділет саласына және мемлекеттің мүддесіне қайшы келеді.