ЕҚЫҰ Қазақстанның гендерлік саясаттағы жетістігін жоғары бағалауда

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстан гендерлік саясатта елеулі жетістіктерге қол жеткізді. Бұл туралы Алматыда өткен «Әйелдер саясатта және уақытша арнайы шаралар» атты семинарда Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Астанадағы орталығы басшысының орынбасары Жаннет Клетцер мәлім етті.

«Әйелдерді шешімдерді қабылдау деңгейіне шығару - өте маңызды стратегиялық басымдық. Қазақстан гендерлік саясатта елеулі жетістіктерге қол жеткізгендігін мойындаған дұрыс», - деді ол.

Қазақстан үкіметінде әйелдердің саны артып келе жатқандығына қарамастан, осы көрсеткіштерді ары қарай жақсарту үшін заңнамамен бекітілген тетіктер керек.

«Көптеген елдерде өзінің моделі бар, ол өзінің жағдайына байланысты сәйкестендіріледі. Мүмкін ол әйелдерге басқару саласына орналасуға мүмкіндік беретін квота арқылы болуы ықтимал», - деп атап өтті Ж.Клетцер.

Семинарға қатысушылардың атап өткендеріндей, әйел-саясаткерлер жемқорлыққа аз барады, заңға қайшы әрекеттерге жоламауға тырысады, сонымен қатар озбырлыққа және әскери қақтығыстарға қарсы болып келеді. Әйелдердің үлесі билік құрылымдарында 30-40 пайызға жететін елдерде қоғам тұрақты дамиды әрі әлеуметтік бағытта үлкен жетістіктер байқалатын көрінеді.